Ұшқыштың қымбат сыйлығы. Әлеуметтік желідегі алаяқтардың жаңа айласы жайлы не білесіз?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақпараттық технология дамыған сайын алаяқтық жасаудың жолдары мен әдістері де көбейе түсті. Әлеуметтік желі арқылы танысып, кейін ақшаға алдап кететін серілердің қарасы соңғы кезде көбейген. Бұған оларға алданған қыз-келіншектердің оқиғалары дәлел болып отыр.
Жылдың басында Netflix түсірген "Tinder-дегі алаяқ" деректі фильмі көпшілік арасында резонанс тудырды. Фильм шынайы оқиғаға негізделген еді. Саймон Леаваев есімді жігіт қыздардың сеніміне кірген соң, оларға несие алдырып, қарыз сұрай бастайды. Ол 2020 жылы желіде танысқан қыз-келіншектерді алдап, барлығы 131,2 млрд теңге бопсалаған. Осындай "жомарт серілер" енді instagram-да да пайда болған.
Шетелдік ұшқыштың сезімі
Редакциямызға Әсемгүл есімді оқырман өзінің басынан өткен оқиғаны айтып, басқа қыздарды сақтандырғысы келетінін жеткізді. Әсемгүл Шерқалиеваның жасы 36-да, ипотекалық баспанасы мен тұрақты жұмысы бар.
Instagram желісінде бір ай бұрын Чарльз Уоррен деген шетелдік азаматтан достық келіп түсті. Мен әлеуметтік желіні тек жақын достарыммен өмірімде болып жатқан елеулі оқиғаларды бөлісу үшін ғана қолданамын. Ол жерде қатты белсендімін деп те айта алмаймын. Оның жіберген ұсынысын қабылдай салдым. Кейін ол жекеме өзін таныстырып, Францияда ұшқыш болып істейтінін айтты. Әрине, ағылшын тілінде сөйлестік. Күнде жазатын болғаннан кейін «инстаграм» бізге ыңғайсыз болып, telegram-ға көштік. Күнде қал-жағдайымды біліп сұрайды. «Тамақтандың ба?», «Бәрі жақсы ма?» деген сұрақтар көңіліме қонымды болатын. Менің де жағдайымды біреу сұрап, алаңдайтын адам бар. Алыста болса да, жақсы екен деп ойлап жүрдім. Маған деген қамқорлық деп те қабылдадым, - деді Әсемгүл Шерқалиева.
Оның айтуынша, өзге біреудің атын жамылған алаяқ азамат күнделікті түрде хат жолдап, сенімге кірген.
Екеуміздің арамызда бір жылы сезім пайда болған сияқты көрінді. Мен қиялға беріліп, Францияда тұрамын деп жүрдім. Себебі айтқан әңгімесінің барлығы көңілге қонымды еді. Бір ай үздіксіз күнде сөйлесіп жүрдік. Онлайн болса да оған үйреніп, бауыр басып қалдым. Өзі де немен айналысып жатқанынан фото, видео жолдап тұратын. Сондықтан бұл алаяқтық екенін ойламадым да. Осы жақын күндері маған қымбат сыйлықтардың суреттерін жіберіп, Қазақстанға, саған жіберемін деді. «Өмірінде көрмеген адам осынша қымбат сыйлық жібере ме екен?» деп ойладым. Себебі оның ішінде «Шанельдің» сөмкесі, қымбат косметика мен iphone 13 болды. Сонымен қатар ол сыйлықтармен қоса шетелдік валютамен ақша салғанын да айтты. Маған керегіңді өзің сатып ал деді. Бұл сыйлықтар қорапқа салынғанын суретке түсіріп жіберді. Оны кешке транзиттік жүк жеткізу қызметіне салып жібергенін айтты. Менің іштей күдігім болса да, Қазақстанға жеткесін көрейін деп ойладым. Осылайша, маған сыйлықты жібердім, екі күннен соң саған жетеді деп айтты, - деді Әсемгүл.
Шерқалиева айтқандай, екі күннен кейін өзге нөмірден өзін курьер ғып таныстырған біреу жазған.
Нөміріме курьермін деп жазды, алайда сыйлық Алматыға келгенін айтып, оны Қарағандыға жеткізу үшін кедендік салықты төлеуімді өтінді. Кейін банк шоттарының нөмірі бар мәліметті жіберді. Алайда карта нөмірі ресейлік болды да көрсетілген тұлғаның аты құр әріптерден құралған сөздер сияқты көрінді. Кедендік салық көлемі бұл халықаралық жеткізу болғандықтан 610 долларды құрайтынын айтты. Мен көп ойландым. Бір ай бойы сөйлесіп, кейін осылай алаяқтық жасай ма, қалай? деп өзімді де сұрақтың астына алдым. Өмірімде көрмеген адам болғандықтан сонша ақшаны жіберу дұрыс емес деп ойлап, шетелдік жігітке салықты төлемейтінімді жеткіздім. Ол ашуланып, «мен мына жақтан сыйлыққа қыруар ақша жұмсадым, енді соны алу үшін аз тиын-тебен төлей алмағаның қызық екен» деді. Осыдан кейін оның шын мәнінде алаяқ екеніне көзім жетті. Себебі менімен мүлдем сөйлесуді қойды. Әлеуметтік желіде бұғаттап тасаған, - деді ол.
Әсемгүл Шерқалиева, бақытына орай, алаяқтың арбауына ілікпегенін айтады.
Мұндай оқиға тек менің басымнан ғана емес, көп қыздың басынан өтуі мүмкін. Алданып қалғандар да бар шығар. Әрине, біз эмоцияға беріліп, әдемі өмірге сенгіміз келеді. Дегенмен салқынқанды болып, ақылды іске қосып отыру керек. Әлеуметтік желіде абай болып, тек жақын адамдарға ғана сену керек, - деді ол.
Сыйлық алам деп 2,5 млн теңге жіберген
Мұндай оқиға тағы бір келіншектің басынан өткенін facebook желісінде журналист Гүлмира Әбіқай жазды.
Әсем - ақыл тоқтатқан келіншек, 5 баланың анасы. Күйеуінен жастай жесір қалды, балаларының алды 20-ға толды. Кейіпкеріміз Түркістан облысының Мақтарал өңірінде тұрады, өзі жоғары білімді, мұғалім. Жұрттың бәрі қосылған «инстаграмға» ауыл келіндерінен қалыспай бұл да қосылды. Сабақтан, үй тіршілігінен қолы босай қоймайды, дегенмен желіні күніне бір қарайды. Бір күні хат келіпті, Уильямс «өзінің ұшақ басқаратын пилот екенін, мына өмірде жалғыздықтан жадағанын айта келе ең құрмаса «Сіз менің сүйікті әпкем болыңыз» деп қолқа салады. Әр хаты жүрек тебірентен онлайн-інішек тез уақытта Әсемнің іші-бауырына кіріп, жүрегінен орын алады, - деп жазды ол.
«Менің сүйікті әпкем» деп басталған хаттың бірінде 8 наурыз мерекесіне орай Әсемге қымбат сый жіберетінін айтқан.
Сыйлыққа алқа және қорапқа 50 мың доллар салғанын айтады. Тек сүйікті әпкетайы оны алу үшін кедендік салық төлеу керек, тағы бір нәрсеге шығындалу керек. Қысқасы, жесір әйел айдаладағы Уильямстың картасына 2,5 млн теңге жібереді. Әрине, барлық соманы бір сәтте емес, арасына апта аралатып бір айда құйған. Ауыл мұғалімінде дайын тұрған қаржы қайдан болсын, келіншек 5-6 банктен кредит алады. Қазір Әсем байғұс бар жалақысын балалардың аузынан жырып, банктегі несиесін төлеп отыр. Сауып отырған екі сиырын сатып, ол да пилоттың қалтасына кетті, - деді журналист.
Журналист мұндай жағдайдан ешкім сақтандырылмағанын айтады.
Көзі ашық адам бұл жерде Уильямстың түк қатысы жоқ екенін көріп тұр. Пилоттың фотоларын ұтымды қолданып жатқанын Уильямстың өзі білмеуі мүмкін. Мына жазбалар автоматты түрде гугл-аударма, банк шоты ресейлік екенін мен байқадым. Британ пилотында Сбербанк қайдан болсын. Парақша иесі ешқандай шетел емес көрші ауылдан жазып отыруы да мүмкін. Айтпақшы, Уильямс қосылған достарын қарап шықтым өңкей қазақтың қыз-келіншектері. Бұл дегеніңіз болашақ құрбандар тізімі болуы әбден мүмкін. Интернет алаяқтықтың күрт көбеюіне орай бізде кибер полиция бар. Алайда ауыл мұғалімі арыз жазуға ұялады, - деді ол.
ІІМ ескертеді
Ішкі істер министрлігінде дәл осындай оқиғалар бойынша іс тіркелмеген.
ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Шалқаров атағандай, егер 2017 жылы 2 мың интернет-алаяқтық тіркелген болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша 21 мыңнан астам алаяқтық тіркелген.
Мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл жасау үшін Ішкі істер министрлігі мынадай шаралар қабылдады.Бірінші кезекте азаматтармен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында 1,5 мыңнан астам материалдар мен жарияланымдар жарияланды, - деді ол.
Ол қауіпсіздік шараларына тоқталып, бірқатар қарапайым ұсыныс айтты:
- азаматтар өздерінің жеке деректерін, пластикалық карталардың реквизиттарын ешкімге хабарламауы қажет;
- аударымдар туралы кодтар мен құпия сөздерді өздерін банк өкілдері не полиция қызметкерлері ретінде таныстарған адамдарға бермеу және осындай жағдай орын алса, дереу тұтқаны қойып, өздері банктің Колл-орталықтаарына не полицияға тікелей хабарласқан жөн.
- белгісіз және тексерілмеген сайттар мен басқа да дереккөздерге жеке деректерді енгізбеу қажет.
-тексерусіз алдын ала төлем жасауға асықпаған жөн. Сатушымен тауарды алғаннан соң ғана төлем жасау туралы келісуге тырысыңыз;
-мобильдік қосымшаларды орнату үшін тек ресми App store, Play market және т.б. көздерін пайдаланыңыз;
-сізге төлем жасау үшін жіберілген сілтемелерді немесе белгісіз байланыстардан жолданған СПАМ-жіберілімдерді ашпаңыз. Көбінесе алаяқтар төлем жасау үшін фишингтік сілтемелерге өтуді ұсынады;
-банкинг қызметтеріне қол жеткізу үшін құпия кодтарды үнемі өзгертіп отырыңыз, 3D-қорғауды және банктер ұсынатын басқа да қауіпсіздік шараларын қолданыңыз.
-есеп-шоттағы ақша қозғалысын жиі тексеру қажет. Мұндай шаралар алаяқтықтан аулақ болуға және өз ақшаларын сақтап қалуға көмектеседі.