«Ұшқыш балық»: Жүзуші Майкл Фелпс жайлы қызықты деректер

Америкалық кәсіби жүзуші Майкл Фелпс 23 дүркін олимпиада және 26 дүркін әлем чемпионы. «Ұшқыш балық» лақап аты бар Майкл Париж-2024 Олимпиадасына көрермен ретінде қатысады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Майкл Фелпс жүзу спорты тарихында қалатын ең атақты спортшылардың бірі. Жүзуден 50 метрлік бассейнде 23 дүркін Олимпиада чемпионы, 28 дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері және 26 дүркін әлем чемпионы болған жалғыз спортшы. Майкл алғаш Сидней Олимпиадасына қатысады. Ол 1932 жылдан бері өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы ең жас америкалық спортшы атанды. Бес айдан кейін Жапонияда өткен әлем чемпионатында 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде рекорд орнатқан ең жас әлемдік рекордшы атағына ие болды. Сондай-ақ, бір күнде әртүрлі қашықтықта екі әлемдік рекордты жаңартқан тарихтағы тұңғыш жүзуші.

Майкл Фелпс 1985 жылы 30 маусымда АҚШ-тың Балтимор қаласында дүниеге келген. Отбасында үш ағайынды. Анасы алғаш болып жүзу спортына екі қызын берген. 1996 жылы Фелпстің әпкесі Уитни Олимпиадаға жолдама алуға жарысқа қатасады. Алайда 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде алтыншы болып мәреге келіп, жолдамадан тыс қалады.

Майкл Фелпс бассейнге алғаш рет бес жасында барады. Бірақ жеті жасында бойындағы артық энергиядан арылу үшін жүзумен толыққанды айналыса бастайды. Оған гиперактивтілік синдромы қойылған. Денсаулығы үшін арнайы «риталин» деген дәрі тағайындалады. Бала кезде Майкл бір нәрсеге ұзақ ден қойып, тыныш отыра алмайды. Бұл синдромды анасы Дебби жақсы тәрбие мен жүзу арқылы жеңуге тырысады. 

Майкл басын суға батырып жүзгісі келмеген кезде анасы артпен жүзуге үйретеді. Кітап оқығысы келмесе, спорттық журналдарды оқумен қызықтырады. Осылайша 12 жасында ол дәрі-дәрмектің көмегінен бас тартып, жүзу барлық қиыншылықтарының емі болды. Майклдың аяғы өзімен қатарлас адамдарға қарағанда қысқа және денесі керісінше ұзынырақ. Аяғының өлшемі 47. Майклдың қолының ұзындығы 203 сантиметр болса, 193 см құрайтын өз бойынан 10 см ұзынырақ.

Майкл Фелпс спорттағы мансабын Рио-де Жанейрода өткен Олимпиада ойындарынан кейін аяқтады.

Мен өмірімнің көп бөлігін бассейнде өткіздім. Жүзу жолағынан тыс басқа да мақсаттарым бар. Бұл менің жүзу мансабымның соңы емес, бұл басқа нәрсенің басы. Мен әрқашан бассейннің жанында, спорттың жанында боламын. Әрі қарай жүру керек. Енді мен отбасыма көбірек уақыт бөлгім келеді,-деген еді Майкл Фелпс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҰОК комитеті
Өзгелердің жаңалығы