Үшінші тоқсанда бір сабақтың уақыты 30 минуттан аспайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мектептердің үшінші тоқсанды қалай оқитынын айтты.

Қаламызда 9-сыныпта 13 215 оқушы оқыса, ал 11-сыныпта 7 567 бала білім алып жатыр. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сабақ уақыттары 30 минуттан, үзілістер 5 минуттан аспайды. Сабақ кестесін құруда олардың қабілеттері мен қажеттіліктері, сондай-ақ 11-сынып оқушыларының жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі және кіріктірілген сабақтарды өткізу мүмкіндігі ескеріледі, - дейді Шолпан Қадырова.

Оның айтуынша, одан бөлек сабақтан тыс уақытта оқушылардың оқудағы олқылықтарының орнын толтыру және қорытынды аттестатқа дайындыққа бес адамнан аспайтын топтарда жеке консультациялар ұйымдастырылады.

Бұл консультацияларға оқушылар қажеттілігіне қарай ата-аналардың келісімімен қатысуына болады.

Бұл шешім ата-аналар мен педагогтардың пікірін ескере отырып қабылданды. Себебі, өздеріңіз білесіздер, 9 және 11-сынып оқушылары оқу жылының соңында мемлекеттік қорытынды аттестациядан және Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Бұл мәселеге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Әрине, мектептерде санитарлық шаралар сақталатын болады, - дейді қалалық Білім басқармасының басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы