Үшарал қаласына 2021 жылы уәде етілген газ әлі жетпей жатыр
Сонау Алматы облысы тұсында Үшарал қаласына 2021 жыл газ тартылу керек болған. Облыс екіге бөлінген соң, «Талдықорған-Үшарал» газ құбыры магистралінің жұмысы кідіріп қалғандай, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алыс аудандарға табиғи газ ауадай қажет
Осы тақырыпты тартқатпас бұрын, осыдан 3-4 жыл бұрын көтерілген әңгімеге ойыссақ. Қызығы сол, мұнда «2021 жылы табиғи газ Алматы облысының Алакөл ауданына жекізіледі» деген нақты мәлімет бар.
Бұған дейін Алматы облысына қараған Жетісу облысының территориясында жүздеген ауыл көгілдір отынға қол жеткізеді деп сүйінші сұраған жаңалықтар БАҚ беттерінде самсап тұр. Алайда эксоблыс әкімі Амандық Баталов Үшарал тұрмақ, іргедегі Көксу ауданын толық газбен қамти алмады.
Мердігерлердің сапасыз жұмысы, жауапты мамандардың салғырттығы істі шиеленістіріп жіберді. Ақыры соттың шешімі сағызша созылып, Жетісу облысы жеке дара құрылған соң өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың бастамасымен іс соңына жетті. Мұны қарапайым халық та жақсы біледі.
Жетісу облысы бөлек құрылғаны жақсы болды. Іргедегі Ескелді, Көксу, Қаратал аудандарына газ жетті, тіпті талай жыл халықты әбігерге салған Текеліге де көгілдір отын кірді. Әрине, бұл жаңа өңірдің өз қолы өз аузына жетті деген сөз. Бұрын көңіл бөлінбей келе жатқан ауылдарға жол түсіп, газ келгелі халықтың көңілі жайланды. Енді алыс аудандарға уақытында жеткізіп берсе жақсы болар еді. Туризм саласы үшін де бұл таптырмас шешім. Ақсу мен Сарқан аудандары орталықтан аса алыс жатқан жоқ. Сондықтан уақытылы жетеді деп ойлаймын, - дейді қоғам белсендісі Жанатбек Егенбаев.
Үшаралға газ не үшін қажет деген сауалға жауап іздеп көрейікші. Туризмге ден қойған, болашағын Алакөлмен байланыстыратын, шекарада орналасқан ауданға көгілдір отынның болуы маңызды ма? Бұл үлкен істің басында жүрген кәсіпкерлерге ыңғайлы, әрі тұрғындардың әлеуметтік жаңдайына да әсер етеді дейді сарапшылар. Оны бізге әлеуметтанушы Жанар Бұлғабаева айтып берді.
Қазір орталыққа көшу дәстүрге айналып барады. Себебі алыс аудандарда инфрақұрылым нашар, су мен газдан проблема көп. Бұл халықтың тіршілігіне әсер ететін негізгі факторлар. Қазір өңірде су толық жетті, енді көгілдір отын мәселесі бар. Алдағы жылдары газ жететін болса, шағын зауыт, ферма ашуға бейіл азаматтарға жеңіл болады. Инвесторларға да көздір ретінде айтатын дүние осы болмақ. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына да әсер етеді. Қысқы туризмнің дамуына да жол ашады. Алакөлде қыс мезгілінде сырғанауға мүмкіндік бар. Бұл туристерді қызықтырады. Қыста шалғай ауылға көмір тасуға ешкім бармайды, - дейді Ж.Бұлғабаева.
Осы тұста баспасөз беттерінде шыққан мына фактіні сіздермен бөлісе кетсем. «2019-2021 жылдарға жоспарланған газ тарту жобаларының нәтижесінде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 230 мыңнан астам халық немесе 74 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізбек.
Бұған қоса, Алматы облысының шекаралық аймақтарында да газдандыру қарқыны артып келеді». Бұл туралы сол тұстағы Алматы облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әсет Қанағатов мәлім еткен.
Басқарма басшысының айтуынша, Панфилов пен Ұйғыр аудандарындағы 32 ауылдық елді мекенде газ желілерін тарту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жобалар мемлекеттік қаржыға ғана емес, жеке инвесторлардың қолдауына сүйеніп жүзеге асырылуда.
Аталған бағыттағы жұмыстарға 11,3 миллиард теңге көлемінде жеке қаражат тартылды. Бұл – инвестициялық серпіннің айқын көрінісі, - дейді Ә.Қанағатов.
Газдандыру жұмыстарының ауқымы жыл өткен сайын ұлғайып келеді.
Әсет Қанағатовтың айтуынша, 2017 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12 миллиард теңге бөлінсе, жеке инвесторлар тарапынан 22,2 миллиард теңге көлемінде қаражат құйылған. Ал 2025 жылы мемлекет тарапынан 8,5 миллиард теңге бөлу жоспарланса, инвестиция көлемі 36 миллиард теңгеге дейін жетпек.
Бұл мәліметке сенген халықтың қарасы көп. Алайда істің сиырқұйымшақтанып кетерін білген тұрғындар пешті сыртқа шығаруды әлі ерте екенін айтуда.
Қанша ауылға газ кіреді?
Жетісу жұрты алдағы жылдары толықтай көгілдір отынға қол жеткізіп, экологиялық әрі тұрмыстық жағынан тиімді өмір салтына көшуді көздеп отыр. Әрине, газдандыру – тек тұрғын жайларды жылумен қамту ғана емес, ауылдағы өмір сапасын арттырып, экономикалық белсенділікті де жандандырудың маңызды тетігі. Сондықтан халықтың тілегі орынды.
Жалпы, жетісулықтарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында соңғы жылдары жүйелі әрі қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мұны бізге облыс әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. «Талдықорған–Үшарал» магистральды газ құбырының нәтижесінде алыстағы үш ауданның тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізеді.
Алакөл ауданының әкімі Алмас Әбдиновтың айтуынша, соңғы үш жылда ауданның экономикалық хәлі жақсара түскен.
Жалпы ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар, оның ішінде халықтың әл ауқатын жақсарту, жұмыс орындарын ашу, азаматтарды жұмыспен қамту басты назарда. Ауданның салық базасы соңғы үш жылда 8 млрд. 517 млн.теңгеден 14 млрд. 335 млн.теңгеге ұлғайды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі үш жылда 34 млрд. 340 млн.теңгеге жетіп, 23 млрд. 748 млн. теңгеге 10 жоба іске асырылып, 91 жұмыс орны ашылды. Биылғы жылға 78 млн. теңгеге, 2 жоба іске асырып, 10 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Газ мәселесі де алдағы уақытта шешімін табады, - дейді А.Әбдинов.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 131,7 миллиард теңге болатын «Талдықорған–Үшарал» магистральды газ құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жалғасуда. Ауқымды жоба 2025 жылдың күзіне дейін толық аяқталады деп жоспарланған.
Жоба аясында ұзындығы 302 шақырымды құрайтын магистральды газ құбыры тартылып, 6 автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГРС) орнатылады. Бұл өз кезегінде 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Жобаланған құбырдың жылдық өнімділігі 310,54 миллион текше метр газға дейін жетеді.
Аталған бастама негізінде газдандырылатын елді мекендердің ішкі желілеріне қатысты жобалық-сметалық құжаттамаларды (ЖСҚ) әзірлеу жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстар жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылуда. ЖСҚ әзірленетін 66 елді мекеннің ішінде: Ақсу ауданында – 26 ауыл, Сарқан ауданында – 18 ауыл, Алакөл ауданында – 22 ауыл бар.
Көмір тасып отын жағу оңай шаруа емес. Балалардың бәрі жұмыс қуып қалаға кетіп қалды. Қазір кемпіріміз екеуіміз осы қарашаңырақта отырмыз. Кіші ұлым студент, оның да ауылда тұрғысы жоқ. Қызықтың бәрі қалада, ауылда ештене жоқ деп отыр. Былтыр газ кіре бастайды деегнді естігенмін, енді биыл аяқтайды деп отыр. Солай-ақ болсын, әйтеуір аман есен табиғи газға жетсек жақсы болар еді, - дейді зейнеткер Тоғасбек Дәркенбайұлы.
Айта кетейік, бұл жоба – тек энергетикалық қауіпсіздікті күшейту ғана емес, өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам. Алдағы жылдары Жетісу жұрты толықтай көгілдір отын игілігін көреді деп күтілуде. Шекаралық ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту үшін жасалып жатқан жобалар әлі де өз нәтижесін береді деп ойлаймыз.