Кеше 2026, 21:55 Фото: pexels.com

Үшарал – Достық жолында 5 көлік апатқа ұшырады

Жабық трассаға айналма жолмен шыққан жүргізушілер салдарынан 6 адам жарақат алды.

Жетісу облысында ауа райына байланысты жабылған республикалық жолда ірі жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2026 жылғы 14 ақпан күні сағат 13:30 шамасында республикалық маңызы бар KZ19-02 "Үшарал – Достық – ҚХР шекарасы (Достық шекара өткелі)" автожолының 98 шақырымында, Көктума ауылы маңында 5 жеңіл автокөлік соқтығысқан.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының мәліметінше, апат салдарынан 6 адам түрлі дәрежедегі жарақатпен Алакөл аудандық ауруханасына жеткізілген.

Оқиға болған уақытта аталған жол учаскесі боран, қатты жел және нөлдік көріну жағдайына байланысты барлық көлік түрлері үшін ресми түрде жабық болған. Қозғалысқа шектеу 13 ақпан күні сағат 12:00-де енгізілген. Синоптиктердің болжамына сәйкес, жол 17 ақпан сағат 09:00-де ашылуы мүмкін.

Алдын ала дерекке сәйкес, бір бағытта келе жатқан көліктер соқтығысқан. Жүргізушілер полиция бекеттері мен енгізілген тыйымды елемей, далалық айналма жол арқылы жабық трассаға шығып кеткен.

Апаттық-құтқару жұмыстары барысында жол қызметі мамандары қар құрсауында қалған 12 автокөлікті шығарып, 9 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.

"ҚазАвтоЖол" өкілдері жол қозғалысына қатысушыларды енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға, жабық учаскелерді бейресми жолдармен айналып өтпеуге, жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын нақтылауға және боран кезінде алыс сапардан бас тартуға шақырды.