20 Қыркүйек 2026, 05:20 Фото: Bild басылымы

Ұшақта пауэрбанк өртеніп, 322 жолаушысы бар лайнер кері бұрылды

Ұшақ оқиға болған кезде шамамен 5,5 сағат бойы әуеде болған. Пилоттар жағдайды бағалап, Амстердамға кері қону туралы шешім қабылдаған.

Амстердамнан Кюрасаоға ұшып бара жатқан KLM әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Атлант мұхитының үстінде бортта өрт шығуына байланысты бағытын өзгертіп, Амстердамға кері оралды.

Оқиға ұшақтың бизнес-класс салонында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, өртке жолаушының пауэрбанкті ұшақтағы розеткаға қосып, зарядтауы себеп болған. Мұндай әрекет ұшу кезінде қауіпсіздік талаптарына қайшы келеді.

Оқиға кезінде жолаушылар қатты тарсыл естігеннен кейін бизнес-класс салонында жалын пайда болған. Бортсеріктер өртті жедел сөндірген. Бір адам жеңіл жарақат алған.

Ұшақ оқиға болған кезде шамамен 5,5 сағат бойы әуеде болған. Пилоттар жағдайды бағалап, Амстердамға кері қону туралы шешім қабылдаған.

Бортта 322 жолаушы болған. Ұшақ қонғаннан кейін KLM жолаушыларды қонақүйлерге орналастырып, келесі күні оларды қосалқы ұшақпен Кюрасаоға жөнелткен.

Әуе компаниясы бортта өрт болғанын растағанымен, оқиғаға қатысы бар адамның аты-жөнін құпиялылық талаптарына байланысты жарияламады. Алайда нидерландтық журналистер оның бұрынғы KLM басшысы әрі Нидерландтың бұрынғы көлік министрі Камиль Эурлингс екенін анықтаған.