Ұшақта адам құтқарған Дінмұхаммед резидентурада тегін оқитын болды

Қызылорда облысының әкімі ұшақта адам өмірін сақтап қалған болашақ дәрігердің резидентурадағы оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев 10 қаңтарда "Қызылорда - Астана" бағытындағы ұшақ бортында адам өмірін құтқарып қалған жерлесі Дінмұхаммед Бектұрғанның ата-анасы Нұрболат және Ғалия Нұрсейітовтермен кездесті.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Облыс басшысы Дінмұхаммедтің жас болса да, шұғыл әрі батыл, сауатты әрекет жасағанына ризашылығын білдірді. Баласына жақсы тәлім-тәрбие бергені үшін ата-анасына алғысын жеткізді.

Интерн маман оқуын әрі қарай үш жылдық резидентурада жалғастыруды жоспарлаған. Аймақ басшысы елдің атынан алғыс ретінде Дінмұхаммед Бектұрғанның оқу ақысын төлеуге қолдау білдіретінін айтты.

Дінмұхамед медициналық көмекке мұқтаж азаматқа дер кезінде алғашқы жәрдем көрсетіп, өмірін сақтап қалды. Оның уақыт оздырмай қабылдаған шешімі, сауатты іс-қимылы өзі сияқты медицина мамандығында білім алатын жастарға үлгі-өнеге болды. Бұл арқылы Дінмұхамед өз мамандығын жақсы меңгергенін ғана емес, ата-анасынан, ұстаздарынан, аға буын әріптестерінен тағылымды тәрбие алғанын көрсетті. Дінмұхамед секілді жас мамандар – еліміздің болашағы. Біз осындай азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, ерлік ісін өскелең ұрпаққа үлгі етіп насихаттауымыз қажет, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Әкім Президентіміз тек жастардың ғана емес, өскелең ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздардың, қарапайым еңбек адамдарының өнегелі істерін әрдайым көпке үлгі етіп айтып келе жатқанын атап өтті.

Өз мамандығын жетік білуге талпынған, үздік оқитын, патриот азаматты тәрбиелеп өсірген сіздерге және ұстаздарға барша Сыр жұртшылығының, өзімнің атымнан зор ризашылығымды білдіремін, - деді әкім Нәлібаев.

Дінмұхаммед Бектұрған Астана медицина университетінің 7-курс студенті. Қазір интернатурада оқиды. Ол жүрегі тоқтаған науқасты аман алып қалған болатын

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Дінмұхаммедті министрліктің "Құрмет грамотасымен" марапаттаған болатын

Интерн маман Астана медицина университеті ректорының міндетін атқарушы Анар Тұрмұхамбетованың, "Аманат" партиясы Астана қалалық филиалының жетекшісі Мұхаммед Болысбектің және "ҚазақЭйр" компаниясы экипаж командирінің "Алғыс хаттарына", 4 тегін авиабилетке ие болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы