"Ұшақта адам құтқарамын деп ойламаппын". Студент жүрегі тоқтаған науқасты аман алып қалды

Астана медициналық университетінің интерні ұшақ бортында жолаушының өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға Қызылорда–Астана бағытындағы рейсте болған. Ұшақта жолаушы есінен танып, жүрегі мен тынысы тоқтаған.

Астана медициналық университетінің интерні Дінмұхаммед Бектұрған шұғыл көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жасап, жолаушының өмірін сақтап қалды.

Ұшақта адам өмірін құтқарып қаламын деп ойламаппын, - дейді интерн.

7-курс студенті Дінмұхаммед оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

Ұшақта бортсеріктер дәрігер іздеп, хабарлама жасады. Жан-жағыма қарап, ешкім болмағаннан кейін “шығуым керек” деп шешім қабылдадым. Медициналық көмекті қажет еткен жолаушының жасы шамамен 50 жаста. Оның кеуде қуысының, яғни жүрек қысылуына шағымдары болды. Ол кісіден “жүрек қысылуыңыз сол жаққа қарай беріле ме?” деп нақтыладым. Жолаушы сол жақ қолы мен сол жақ жағына қарай шағымы барын айтты, - дейді интерн.

Осындай белгілерден кейін Дінмұхаммедтің ойына бірден миокард инфарктісі келген. Кейін ол бортсеріктерден тонометр сұрап, қысымын өлшеген. Қан қысымы төмендеп, 100/60-қа жеткен. Ал перифериялық пульсін тексергенде минутына 104 соғыс болған.

Бір минуттың ішінде ол кісі есінен танып қалды. Есінен танғаннан кейін перифериялық пульсі сезілмеді, тыныс алуы тоқтап, көз қарашығы кеңейіп кетті. Кісіні жерге жатқызып, жүрек-өкпе реанимациясын жасай бастадым. 30 компрессия жасағаннан кейін пациент есін жинады. Сөйтіп 2 таблетка аспирин беріп, оттегі маскасын таққызып, науқасты әуежайға дейін жеткіздік. Әуежайда жедел жәрдем бригадасы қабылдап алып, пациентті ауруханаға алып кетті, - деді ол.

Дінмұхаммед Бектұрған азаматтарды осындай жағдайда бей-жай қалмауға шақырып, адам өміріне араша болуға шақырды.

Дінмұхамед Қызылорда қаласындағы №11 мектептің түлегі. ҰБТ-дан 117 балл алса да, жалпы медицинаға жетпей қалған. Сонда да Дінмұхамед өз арманынан бас тартпай, Астана медицина университетінің ақылы бөліміне түскен. Бірақ бір семестрден кейін өз білімін көрсетіп, грант бөліміне ауысқан. Қазір 7-курста оқиды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Видеодан скрин
Өзгелердің жаңалығы