Ұшақта 4 500 АҚШ долларын ұрлаған қытайлық ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көлік полицейлері ірі көлемде ұрлық жасаған ҚХР азаматшасын "ізін суытпай" ұстады. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне Қазақстан Республикасының 40 жастағы азаматшасы арызданып келді. Ол "Эйр Астана" АҚ әуекомпаниясының "Пекин-Нұр-Сұлтан" бағытындағы әуе кемесінің ұшуы кезінде 4 500 АҚШ доллар (1 744 290 теңгеге тең) ақшасының жоғалғандығын айтты, - делінген хабарламада.

Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында көлік полицейлері "ізін суытпай" 1993 жылы туылған Қытай Халық Республикасының азаматшасын анықтап, ұстады.

Жеке заттарын тексеру барысында күдіктінің сөмкесінен 1 744 290 теңге көлемінде ұрланған ақша табылып, тәркіленді.

ҚХР азаматшасы кінәсін толық мойындады. Ұрланған қаражат жәбірленушіге толық көлемде қайтарылды.

Көліктегі полиция департаментіндегілердің мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының үкімімен ҚХР азаматшасы ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігінің 3-тармағында (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы