Ұшақ апаты. Қанат Бозымбаев зардап шеккен жолаушылардың көңілін сұрады

Премьер-министрдің орынбасары басшылық ететін Үкіметтік комиссия Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстың Телеграм каналына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың мәліметінше, ұшақ апаты болған жерде 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 АМО (Апаттар медицина орталығы) бригадасы жұмыс істеді. Облыстық көпсалалы ауруханада 30 хирургиялық және травматологиялық, сондай-ақ 10 реанимациялық төсек-орын дайындалды. 

Жалпы, ауруханаларға 29 зардап шеккен адам жеткізілді. Оның ішінде Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына 27 адам түсті. Олардың 13-і Әзірбайжан азаматтары, 9-ы Ресей, 3-еуі Қырғызстан азаматтары. Үш адамның жеке басы анықталуда. Облыстық балалар ауруханасында екі кәмелетке толмаған бала жатыр. Барлық науқастар толық көлемде медициналық көмек алуда. 

Қанат Бозымбаев жауапты тұлғаларға сапалы емдеу мен тиісті күтімді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Ақтауға елдің жетекші ғылыми медициналық орталықтарынан реаниматологтар, травматологтар, хирургтер, комбустиологтар және басқа да жоғары білікті мамандар тобы келгенін хабарлады. 

Одан кейін Қанат Бозымбаев Әзірбайжаннан келген үкіметтік делегациямен кездесті. Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрі Камаледдин Гейдаровпен және цифрлық даму және көлік министрі Рашад Нәби оғлы Нәбиовпен келіссөздер жүргізді. Әзірбайжан үкіметтік делегациясының өкілдері көрсетілген көмек үшін Қазақстан халқына алғыс білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы