Ұшақ апаты: Астаналықтар зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсырып жатыр
Астана тұрғындары ұшақ апатынан зардап шеккендерге арнап жаппай қан тапсырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астананың белсенді тұрғындары Ақтау маңында ұшақ апатынан аман қалған, алайда жағдайы ауыр науқастарға арнап қан тапсыру үшін елордалық қан орталығында кезекте тұр.
Қала тұрғындары 25 желтоқсан күні Ақтауда Әзербайжан авиакомпаниясы ұшағының апатқа ұшырауынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қамқорлық көрсетіп отыр.
Егер сіз қан тапсырғыңыз келсе:
Мекенжайы: Керей-Жәнібек хандар көшесі, 10. Жұмыс уақыты сағат 08:00-ден 17:30-ға дейін. Анықтама: 8 (7172)543241, 543246.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, сағат 11:10-да Ақтау қаласының маңында "Баку-Грозный" бағытындағы ұшақ апатқа ұшыраған еді. Апатқа ұшыраған ұшақта 6 қазақстандық болған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Бас прокуратура Ақтау маңындағы әуе апатын тергеу үшін ведомствоаралық тергеу-оперативтік топ құрылғанын мәлімдеді.
Белгілі болғандай, Маңғыстау облыстықауруханасына ұшақ апатынан зардап шеккен 29 адам ауруханаға жатқызылды, 11 адамның жағдайы ауыр.
Мемлекет басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты. Президент зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жұмысын ерекше бақылауда ұстауды және көршілес елдердің үкіметтеріне қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ астаналықтар Қазақстандағы Әзербайжан елшілігіне гүл шоқтарын қойып жатыр.