Ұшақ апаты: Оқиға орнынан «қара жәшік» табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Үкіметі орын алған авиациялық жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қорғаныс және Ішкі істер министірліктерінің өкілдері кірген арнайы сараптау комиссиясын құрды.

Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Қазір комиссия мүшелері әуе кемесінің апатқа ұшыраған оқиға орнында. Борттық жазу құралы («қара жәшік») табылды және ішіндегі мәліметтері тексерілуде, нәтижелері жақын уақытта хабарланатын болады.

Туғандары және туысқандарымен психологтар жұмыс істеуде. Медициналық көмек көрсету үшін Алматы қаласында орналасқан ҰҚК Госпиталінің мамандары жұмылдырылған.

Арнайы бортпен Е.Васильковтың ата-аналары Петропавл қаласынан Алматыға жеткізілді.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаза болғандар мен жапа шеккендердің отбасылары мен туғандарына қажетті материалдық, жерлеу рәсімдерін өткізу үшін  де барлық көмек түрін көрсетуде, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, кеше Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында ұшып келе жатқан АН-26 әскери ұшағы сағат 17.22-де радардан жоғалып, қала әуежайына шұғыл қонды. Бортта болған төрт азамат қаза тапты, екеуі түрлі жарақаттармен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті АН-26 әскери ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңайында құлаған әскери ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды.

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев ұшақ апаты болған жерге барып, апатынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Қазіргі уақытта ұшақ апатының себептері анықталып жатыр.

Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сайтында әскери борышын атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза болған ҰҚК Авиация қызметі әскери қызметшілері туралы ақпарат жарияланды.

Сондай-ақ апат салдарынан зардап шеккен екі әскери қызметшінің жағдайы қандай екені белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы