Үш жасар бала куә болған қасірет: Атырауда әйелді өлтірді деген күдікті ер адам ұсталды
Атырауда 42 жастағы әйелдің өліміне қатысты азаматтық некедегі жұбайы ұсталды. Бейресми дерек оқиғаның мән-жайын тіпті ауырлата түседі.
Атырау облысында 42 жастағы әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейресми мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға үш жасар баланың көз алдында болған. Сондай-ақ күдікті оқиға орнынан кетіп қалып, бүлдіршін анасын жанында бір тәулікке жуық уақыт өткізгені айтылған.
Атырау облысы Полиция департаменті әйелді тұрмыстық жанжал кезінде өлтірді деген күдікпен 37 жастағы ер адамның ұсталғанын мәлімдеді.
Әйелді тұрмыстық жанжал барысында өлтірді деген күдікпен оның азаматтық некедегі 37 жастағы жұбайы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – делінген ведомство хабарламасында.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізіліп жатыр.
Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттың жарияланбайтынын атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: Әйелді күйдіріп, азаптаған: Тараздағы жаға ұстатарлық оқиғаға қатысты ер адам ұсталды