Кеше 2026, 23:27 Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Үш өңір су тасқынына қарсы бірлескен шараларды күшейтті

Мамандардың айтуынша, су қоймасынан су жіберу көлемі артқан жағдайда аталған аумақтарда су басу қаупі сақталады.

Су тасқынының алдын алу және көктемгі кезеңнің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы және Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменттерінің басшылары, сондай-ақ «Қазсушар» РМК өкілдері жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу аясында Сілеті су қоймасы маңындағы су басу қаупі бар елді мекендерге әуеден шолу жасалды. Мамандар Сілеті өзені арнасының жағдайын, су өткізу қабілетін және қазіргі гидрологиялық ахуалды бағалады.

Сонымен қатар судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жарылыс жұмыстарын жүргізу қажет учаскелер анықталды. Негізгі назар Изобильное, Шалаксор, Күлікөл және Қаратал елді мекендеріне аударылды.

Мамандардың айтуынша, су қоймасынан су жіберу көлемі артқан жағдайда аталған аумақтарда су басу қаупі сақталады. Қауіп аймағында шамамен 100 тұрғын үй орналасқан, онда 400-ге жуық адам тұрады.

Кездесу қорытындысы бойынша су тасқыны тәуекелдерін азайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен іс-қимыл тетігі бекітілді.