Үш облыста республикалық трассалар жабылды
Ақтөбе, Қызылорда және Батыс Қазақстан өңірлерінде жүк және қоғамдық көліктерге уақытша тыйым салынды.
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты 15 ақпан сағат 18:30-дан бастап Ақтөбе мен Қызылорда облыстарындағы бірқатар республикалық маңызы бар автожолдарда жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы мәлімдеуінше, Ақтөбе облысында шектеу "РФ шекарасы – Мәртөк – Ақтөбе – Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент – Тараз – Қордай – Алматы – Қорғас – ҚХР шекарасы" автожолының 965–1240 шақырым аралығына, яғни Қарабұтақ ауылынан Қызылорда облысының шекарасына дейінгі бөлікке қатысты енгізілді.
Қызылорда облысында дәл осы бағыттың 1240–1362 шақырым аралығында, Ақтөбе облысының шекарасынан Арал қаласына дейінгі учаскеде қозғалыс шектелді.
Сондай-ақ сағат 19:30-дан бастап Батыс Қазақстан облысында да шектеу күшіне енді. «Ақтөбе – Орал – РФ шекарасы» автожолының 393–526 шақырым аралығында, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі бөлікте жүк және қоғамдық көліктердің жүруіне уақытша тыйым салынды.
Жауапты қызметтердің мәліметінше, аталған жол учаскелерін 16 ақпан сағат 08:00-де ашу жоспарланып отыр. Алайда жол қозғалысы ауа райы жағдайына қарай реттеледі.
Жүргізушілерге алыс сапарды кейінге шегеру, жолға шығар алдында ресми ақпаратты нақтылау және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ұсынылады.