22 Қыркүйек 2026, 16:47 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Үш мұғалім, үш тағдыр, бір мақсат: Астанада Mugalim деректі сериясы таныстырылды

Жоба аясында Қазақстанның түрлі өңірлеріндегі үш мұғалімнің кәсіби жолы мен білім саласына қосып жүрген үлесі көрсетілді.

Астанада Мұғалімдер күні қарсаңында мұғалімдер туралы Mugalim деректі фильмдер сериясы таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік жобаның жарық көруіне Bilim Group компаниясы бастамашы болды.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Mugalim деректі жобасы Қазақстанның әр өңірінде еңбек етіп жүрген және өз бастамалары арқылы оқушыларына, мектебіне, жергілікті қауымдастыққа және жалпы білім беру жүйесіне оң өзгеріс енгізіп жүрген үш мұғалімнің оқиғасын баяндайды.

Түркістан облысының мұғалімі Ақсәуле Жақыпбекова шахматты бастауыш сынып пәндерімен ұштастырып, балалардың логикалық және ойлау қабілетін дамытуға көңіл бөледі. Қостанай облысының тумасы Степан Галкин ауыл мектебін жергілікті қоғамның өміріне белсенді араласатын орталыққа айналдыруға күш салып жүр. 

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Ал Сәтбаев қаласының мұғалімі Дана Абельдинова дебат клубын құрып, оқушылардың ағылшын тілін жетілдіруіне, сыни ойлауына және өз пікірін дәлелді түрде жеткізуіне жағдай жасап келеді.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Bilim Group бас директоры Александр Савченконың айтуынша, жоба арқылы мұғалімдердің еңбегін цифрлық көрсеткіштермен ғана емес, олардың нақты оқушы өміріне әсері арқылы көрсету көзделген.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

15 жыл бойы біз туралы біздің сандар сөйлеп келді: ондаған мың цифрлық сабақ, миллиондаған қолданушы мен миллиардтаған баға. Бірақ осы сандардың артында әрдайым қарапайым адамдар, ал ең бастысы мұғалімдер тұр. Еліміз олардың бейнесін көріп, үнін естісе екен деген толғаныс нәтижесінде Mugalim деректі сериясы мен «Bilim бейнесі» фотожобасы пайда болды, - деді ол.

Оның сөзінше, жобамен жұмыс барысында педагогтердің өз қиындықтарынан гөрі оқушыларының жетістіктері мен мүмкіндіктері туралы көбірек айтатыны байқалған.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Үш фильмнен тұратын деректі топтама 22 қыркүйекте таныстырылып, YouTube платформасында ресми түрде жарияланды.

Жоба кейіпкері Дана Абельдинова мұғалімнің міндеті тек білім берумен шектелмейтінін атап өтті.

Бүгінде балалардың терең әрі жан-жақты ойлау қабілетін дамыту мен үшін өте маңызды. Ой-өрісі кең, ойлау деңгейі жоғары, тығырықтан шығу жолын таба білетін және өз позициясын дәлелдей алатын ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Өйткені ертең дәл осы балалар еліміздің болашағын құрайды. Біз білім беру процесінде тек мұғалім оқушыға білім береді деген түсінікпен шектелмеуіміз керек. Мұғалімнің де өз оқушыларынан және басқа адамдардан үйренері бар. Сондықтан біз өзіміз де үнемі дамып отыруымыз қажет, - деді ол.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Сонымен қатар іс-шарада «Bilim бейнесі» ұлттық фотожобасының 1 қазанда іске қосылатыны жарияланды.

Жоба Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мұғалімдердің цифрлық галереясын қалыптастыруды көздейді. Педагогтер фотосуреттері мен қысқа мәтіндері арқылы өз мамандығы, құндылықтары және мұғалім болудың өздері үшін мәні туралы әңгімелейді.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Bilim Group өкілдерінің айтуынша, жобаның ерекшелігі – оның мазмұнын мұғалімдердің өзі қалыптастырады. Осы арқылы бастама Қазақстандағы білім беру саласының педагогтер көзімен жасалған шынайы портретін көрсетуге бағытталған.

Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Біздің ұлы ойшылдарымыз бен ақын-жазушыларымыз көптеген керемет шығармаларын педагогтерге арнап жазған. Жыл сайын Білім күні мен Мұғалімдер күнінде салтанатты шараларда мұғалім мамандығының маңызы, оны құрметтеу мен бағалау қажеттігі туралы сөздер айтылады. Бірақ біз оларды іспен көрсетпесек, мұның бәрі құр сөз күйінде қала береді. «Bilim бейнесі» фотожобасы – сондай нақты қадамдардың бір мысалы, - деді Александр Савченко.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, жоба мұғалімдердің еңбегін кеңінен танытуға және педагогтерді қолдауға бағытталған жаңа бастамаларға негіз болады.