Үш күн демалыс: Аймағамбетов жаңа тетіктің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді
Енді онкологиялық және басқа да скринингтік тексерулер барлық азаматқа қолжетімді.
Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты мүшесі Асхат Аймағамбетов скринингтен өту үшін берілетін үш күндік демалысты іске асыру жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр ел үшін маңызды шешім қабылданған. Енді онкологиялық және басқа да скринингтік тексерулер барлық азаматқа қолжетімді. Бұрын мұндай қызметтер тек МӘМС жүйесіне қатысушылар үшін ғана ұсынылатын.
Қазір медициналық сақтандыруы болмаса да, әр азамат скринингтен өте алады. Қазақстанда шамамен 3 миллионға жуық адам МӘМС жүйесінен тыс. Көбінің әлеуметтік жағдайы күрделі. Сондықтан біз скринингтерді баршаға тегін еттік, – деді депутат.
Алайда бұл мүмкіндік бұрыннан заңда болғанымен, іс жүзінде толық іске аспай келген.
Аймағамбетовтің сөзінше, басты мәселе – халықтың тексерілуге қатысу деңгейінің төмендігі. Бүгінде скринингтен өтуі тиіс азаматтардың тек жартысы ғана тексеріледі.
Ауру кеш анықталса, емдеу де қиындайды. Сондықтан жұмыс берушілер енді қызметкерлерге скринингтен өту үшін үш күнге дейін ақылы демалыс беруге міндетті. Бұл уақыт толық төленеді, – деді ол.
Жаңа жүйе бойынша Денсаулық сақтау министрлігі арнайы ақпараттық жүйе арқылы қызметкердің скринингтен өткен-өтпегені туралы мәліметті жұмыс берушінің кадр бөліміне жолдайды. Ал кадр қызметі өз кезегінде қызметкерге қандай тексерістен өту қажет екенін хабарлайды.
Сонымен қатар азаматтардың өзіне де бұл туралы ескерту хабарламалар, оның ішінде eGov порталы арқылы жіберіліп отырады.
Депутат бұл бастама тек денсаулық сақтау саласы үшін емес, жалпы экономика үшін де маңызды екенін атап өтті.
Адам денсаулығы – экономиканың негізі. Ауру еңбек өнімділігін төмендетеді, адами капиталға әсер етеді. Сондықтан бұл шешім жұмыс беруші үшін де тиімді, – деді Аймағамбетов.