Үш ер адам есінен танып қалған қызды "құтқарған" болып, iPhone-дарын ұрлап кеткен
Алматыда есінен танып қалған қыз бен оның құрбысының телефондарын ұрлаған үш ер адам ұсталды.
Алматыда есінен танып қалған қыз бен оның құрбысының қалтасынан iPhone 15 Pro және iPhone 16 Pro ұрлаған үш ер адам ұсталды. Полиция олардың басқа да қылмыстарға қатысын тексеріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 7 ақпанда қала орталығында, Қабанбай батыр мен Зенков көшелерінің қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, қыздардың бірі кенеттен есінен танып қалған. Құрбысы оны есін жиғызуға тырысып жатқан сәтте жандарына үш ер адам келіп, көмек көрсеткендей болған.
Алайда кейін қыздар қалталарынан екі бірдей ұялы телефон – iPhone 15 Pro және iPhone 16 Pro жоғалғанын байқаған. Ол кезде әлгі ер адамдар оқиға орнынан кетіп қалған.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Көп ұзамай күдіктілер анықталып, ұсталды.
Сондай-ақ жуырда қоғамдық орында болған төбелес кезінде тағы бір телефон ұрлығы тіркелген. Жанжал кезінде жағдайды пайдаланып, белгісіздер смартфонды қолды қылған.
Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияровтың айтуынша, екі жағдайда да күдіктілер айналадағылардың назарын төтенше жағдайға аударылған сәтті пайдаланған.
Мұндай қылмыстардың сипаты аса арсыз әрі циникалық. Күдіктілер анықталып, ұсталды. Олардың басқа да мүліктік қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, – деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда полиция қызметкері мен өзге де тұлғаларды бопсалаған блогерлерге үкім шықты.