15 Шілде 2026, 08:23 Фото: Polisia.kz

Үш елде бірлескен операция: Трансұлттық қылмыстық топ мүшелері ұсталды

ІІМ мәліметінше, Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Түркия, Грузия және Әзербайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін қылмыстық құрылымдарға қарсы халықаралық ынтымақтастық күшейтілген.

Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатуға бағытталған бірлескен арнайы операция өткізді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

ІІМ мәліметінше, Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Түркия, Грузия және Әзербайжанға жасаған жұмыс сапарларынан кейін қылмыстық құрылымдарға қарсы халықаралық ынтымақтастық күшейтілген.

Арнайы операцияға 2026 жылы Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаиловтың қарумен өлтірілуі түрткі болған. Үш елдің полициясының үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар екі күдікті ұсталып, тергеу барысында кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталған. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдері әрі халықаралық іздеуде болған.

Жиналған ақпараттың негізінде Қазақстан ІІМ мен ҰҚК еліміз аумағында осы қылмыстық құрылымға қатысы бар басқа да ауыр қылмыстарды әшкерелеген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылғы тамызда болған адам өлтіруге оқталу ісі бойынша киллерлердің бірі ұсталып, қылмыс қаруы тәркіленген. Бұл іс бойынша тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Алматыда аталған қылмыстық топтың тағы бірнеше мүшесі ұсталған. Оларға қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген айып тағылып отыр.

Сондай-ақ Грузия аумағында трансұлттық қылмыстық құрылымдармен байланысы бар және бірқатар ауыр қылмыстарға қатысы бар күдіктілер қолға түскен.

Қазіргі уақытта барлық анықталған қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелер жиналып, іске қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда. Тергеу органдары қылмыстық топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.