Үш бөлмелі пәтерге 16 мың кітап сыйғызған ардагер

Журналистика саласының ардагері, ұзақ жылдар облыстық партия комитетінде, кейін облыстық басылымдарда жемісті еңбек еткен Тихон Әліпқалиевты Орал өңірінде білмейтін жан кемде-кем. Бар ғұмырын жазу-сызуға арнаған қаламгер сексеннің екеуіне келсе де әлі қолынан қаламын тастаған жоқ. Қоғамдағы түрлі келеңсіздіктерді бұқаралық апарат құралдарына ашық жазып, түрлі жиындарда шенді-шекпенділердің кемшіліктері мен қателіктерін бетіне айтудан ешқашан қаймыққан емес. Бүгінде Ақжайықтың абызына айналған Тихон ағаның тағы бір асыл қасиеті - кітапқұмарлығы. Ол - өңірдегі, бәлки еліміздегі ең бай кітапхана иесі. Әлем классиктерінің туындыларынан бастап ғылыми-танымдық еңбектер ардагер-журналистің үйіндегі үш бөлменің алты қабырғасын жаулап алған. Бар байлығым – кітаптарым деп білетін қазыналы қариямен BAQ.KZ тілшісі тілдесіп қайтқан еді.

Кітап – білім бұлағы болса, кітапхана – рухани байлықтың ордасы. Кез келген адам өз білімін өмір бойы жетілдіріп отыруы тиіс, - деп сөз бастаған Тихон ақсақал кітапқа құмарлық бала кезден басталғанын айтады.

Жалғыз мен емес, біздің буынның оқу-білімге құштарлығы ерекше болды ғой. 1957-58 жылдар «халық жауы» атанған Ілияс, Сәкен, Бейімбеттердің ақталған уағы. Осы ақын-жазушылардың шығармалары мен «Батырлар жыры» еді алғашқы кітаптарым. Сосын студенттік шақта екі «тумбочка» кітабым болды. Оны сақтау қиын болды. Жаныңдағы балалар жоғалтып тастауы мүмкін, біреуге беріп жіберуі мүмкін. Жазғы каникулға кетерде жатақхананың комендантына барып жалынатынмын, «екі-үш қапшық кітапты сіздің қоймаға қалдырып кетейінші күзге дейін» деп. Ал институт бітіріп, жұмысқа орналасқасын кітап жинауға шындап кірістім. Қазір Назарбаев даңғылы деп аталатын көшеде жалғыз кітап дүкені бар. Сол жерде қымбат кітаптарды сөренің астынан тығып сатады. Мен жиі баратын болғасын, ондағы сатушылардың маған көзқарастары өзгеріп, жақсы кітаптар қоржынға түсе бастады. Қалада мемлекеттік сауда жүйесіне қарайтын кітап саудасы кеңсесі, ауылда тұтынушылар одағы, бәрімен тығыз байланыста болдым. Мен әскерде жүргенде дүниежүзі әдебиетінің 200 томдығына жазылу өтіп кеткен екен. 1967 жылы осы көптомдықтың Зеленов ауданында қалған соңғы данасын артынан қуып жүріп алдым. Кейін балалар кітапханасының 57 томына облыстық партия комитеті арқылы жазылдым. Кітап қоры осылай көбейді, - дейді ол.

Бүгінде Тихон ағаның жеке кітапханасында 16 мың кітап бар. Үйге сыймағаны балконда, қала берді таныстардың пәтерінде сақтаулы екен. Үш бөлмелі пәтердің 6 қабырғасында сықасқан кітап сөрелері үйдің ішін қаншалықты тарылтса, қарт қаламгердің рухани әлемін соншалықты кеңітіп тұр. Осы кітаптардың қай-қайсысы да құнды көрінеді.

Ең көнесі Сәбит Мұқановтың 1935 жылы латын қарпімен басылып шыққан «Теміртас» романы. Одан кейінгі антикварлық дүнием Қажым Жұмалиев пен Есмағамбет Ысмайыловтың 1948 жылы басылған «Қазақ әдебиеті тарихының» екі томдығы. Бұл зерттеуде Қажым Жұмалиев Кенесары, Наурызбайды мадақтап жазған жырларды зерттеп, өз пайымдауын жасаған ғой. Сол үшін халық жауы атанып, ұзақ жылға сотталып кетеді. Артынан Сталин өлгесін, ақталып шығады. Бұл кітаптарды мен Орал педагогика институтындағы алғашқы әдебиетші-ғалым, бізге дәріс оқыған Темір Бейісовтен алдым. Ол кісі басқа қалаға қоныс аударатын болғанда маған тастап кетті. Ал бағасы жөнінен ең қымбаты мына орыс тіліндегі биоэнергетикалық медицина туралы ғылыми-танымдық туынды. Бұл кітапты осыдан 15 жыл бұрын 50 мың теңгеге сатып алғанмын, - дейді Тихон Әліпқалиев.

Әу баста әдеби шығармалардан құралған кітапхана бертін келе ғылыми-танымдық туындылармен толыққан. Тақырыптық-жанрлық сипаты мен көркемдік-эстетикалық тұрғысынан ерекше талғаммен жинақталған. Әсіресе адамның жан әлемін танып, жаратылыс сырын ашуға Тихон ағамыз аса құштар. Әдебиет алыптарынан Ғабит Мүсіреповты жоғары бағалайтынын айтады.

Қазақ жазушыларынан Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповке құрметім ерекше. Кейде Ғабиттің стилі, суреттеуі Мұхтардан да асып түседі. Ана «Оянған өлкенің» бірінші томын ашып қараңызшы, қандай образдар! Бірақ бұл кісінің жазғаны көп емес. Себебі өте талғампаз кісі ғой. «Қатар тұрған екі сөз бір-біріне сәуле түсіріп тұрмайтын болса, сосын жазушы сөйлемде жазғанының ішінде бір буынының артық не кем екенін сезінбейтін болса, ол дұрыс жазушы емес», - дегені бар Ғабиттің. Өте жоғары бағалаймын. Шетел классиктері арасынан, шетел дегенде орыс классиктері ғой, Тургеневті сүйсініп оқимын. Баяндау тәсілі өте ұнайды. Адамзат тарихында миының салмағы жөнінен Тургенев қой бірінші орында. Ол кісінің миы 2 келі 12 граммды құраған ғой. Соған қарап-ақ қандай ақыл-ес, дарын иесі екенін бағалай беріңіз, - дейді ардагер-журналист.

Жуырда Тихон ағамыз сырқаттанып, емделіп шықты. Аурухананың тар төсегіне таңылған кезде ол жеке кітапханасын уайымдағанын айтады. Ғұмыр бойы жиған-терген рухани қазынасын дәулетті меценаттар сатып алса, бір орталық ашып, өскелең ұрпақтың қадесіне жаратса деп ойлаған екен.

Әрине үйдің іші тар. Мысалы осы залға қонақ шақырсақ, бәйбішем екеумізді есептегенде 10 адамды ғана шақыра аламыз. 13-14 мейман келсе, өзіміз дәлізде тұруымыз керек. Бірақ оған өкінішім жоқ, балалар оқыды, еркін өмір сүрдім. 1979 жылы партия мектебіне түспес бұрын орташа жалақым қаламақыны қоса есептегенде 280 сом болды. Соның талайы кітапқа кетті ғой. Ғұмыр бойына жинадым. 500 кітапты қызыма бердім тұрмысқа шыққанда. Қызым қазір Канадада. Мұхиттың арғы бетіне қоныс аударғасын, пәтерін сату керек болды. Үйіндегі кітаптарды анда тасыдық, мында тасыдық. Енді олар келіп алып кете алмайды мына кітапты. Менің ұрпағым ол кітаптарды алып пайдаға асыратын жағдайы жоқ. Және жастардың ондай пиғылы да жоқ қой. Ертең жұрт жан-жаққа таласып, таратып алып кетсе ол да өкініш. Сондықтан сатам ба деген ой келді. Қазір түрлі кітапханалар ұйымдастырып жатыр ғой. Сондай бір жерге қажет деп, бәрін көтеріп алып кетсе, - деген ниетін жасырмады ағамыз.

Танымал тұлғалардың қай-қайсысы да биік белестерді бағындыруына өзі оқыған кітаптардың әсері болғанын айтады. Тихон ағамыздың бай кітапхана жинауына жұбайы Сара апамыз да қолдау білдіріпті. Ол ешқашан отбасылық бюджеттің қомақты бөлігі кітап алуға кетіп жатқанына қабақ шытпаған. Керісінше қай қалаға іссапарға барса да, отағасына сыйлыққа кітап алады екен. Ұзақ жылдар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына жетекшілік еткен кезінде қажетті мәліметтер мен идеяларды отбасылық кітапханадан ізденіп тапқанын жасырмайды.

Бұл кітаптар - менің киілмей қалған көйлектерім, алынбай қалған хрусталь ыдыстарым. Кезінде сондай бұйымдар сән болды ғой. Бірақ қоятын орын жетпегесін, бізде хрусталь болған жоқ. Бірақ неге кітапқа ақша шығарып жатырсың деген әңгіме үйде айтылған емес. Тихон ағаларың кітаптан жалақысын аяған жоқ. Қазір де зейнетақысының елеулі бөлігі кітапқа кетеді. Өзім музейде істеген жылдары бұл кітаптардың пайдасын көрдім. Мен де бір жаққа шыққанда жаңа кітаптарды алып келем. Кейде үйде ол кітаптың бар екенін білмей қалам. Бірақ ағаң оған қапаланбайды. Басқа біреуге, таба алмай жүрген кітаптарына ауыстырып жібереді. Жалпы үйде отағасының бостандығына, еркіндігіне қысым жасауға болмайды. Екіншіден кітап алып жатырсың деп ренжуге болмайды. Үшіншіден үйге қонақ келетін болса, оған қабақ шытуға болмайды. Сол үш қасиетпен отбасымыз сақталды. Міне биыл үйленгенімізге 60 жыл толады, - дейді Тихон ағаның жары Сара Танабаева.

Тихон Әліпқалиевтың рухани мол мұрасы өскелең ұрпақтың қадесіне жараса деген ойды өңір зиялылары да құптайды. Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Дариға Мұштанова дүние қумай, білім қуған қаламгердің көп жыл көрген-түйгені жастарға рухани азық болар еді деп санайды.

Тихон Әліпқалиұлының әңгімелері жапырақтап жаза берсе таусылмайды. Әр хикаясы бір қара, тәрбиелік, пайымдық астары бірге өріліп отырады. Әр кітапты қалай, қайдан іздеп тауып әкелгені туралы эпизодтар өз алдына бір төбе болса, сол кітаптардан білгені,түйгені жайлы үзік сырлар тіпті керемет. "Балаларды, жастарды кітап оқуға қалай тартамыз?" деп "бас қатырған" үлкенді-кішілі басшы-жетекшілерге қайран қалам кейде...Осындай адамдар таптырмас алтын қазық емес пе кейінгі ұрпақты кітап әлеміне жетелеуде?! Кітаптарын түгел сатып ал да кітапханасын аш, өзін ортасына отырғызып қой да, оқырмандар саяхатын ұйымдастырып тұр топ-тобымен. Дәріс деген сол! - дейді Дариға Ғазезқызы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы