Бүгiн 2026, 14:47 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Үш баланың өмірін жалмаған өрт: Депутаттар дабыл қағып, қатаң шара ұсынды

Елордада болған өрт қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Астанадағы қайғылы өрт тек бір отбасының трагедиясы ғана емес, елдегі өрт қауіпсіздігі жүйесінің әлсіз тұстарын көрсетті. Осы оқиғадан кейін Мәжіліс депутаттары мәселені көтеріп, кешенді өзгерістер қажеттігін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға қалай болды?

Алдын ала мәлімет бойынша, 12 сәуірге қараған түні өрт кешкі уақытта көпқабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден шыққан. Төтенше жағдайлар қызметіне хабар түскен соң құтқарушылар оқиға орнына жедел жеткен.

Өрт сөндірушілер келген кезде пәтерді жалын толық шарпыған. Құтқару жұмыстары барысында күйік алған әйел сыртқа шығарылып, жедел жәрдем қызметіне тапсырылған. Ол ауруханаға жатқызылды.

Сондай-ақ оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың көз жұмғаны анықталды. Сонымен қатар, құтқарушылар жоғары қабаттардан тұрғындарды эвакуациялап, ондаған адам өз бетінше сыртқа шыққан.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ауладағы ретсіз қойылған көліктер мен жабық кіреберістер өрт сөндіру қызметінің жұмысына кедергі келтірген. Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себептері анықталып жатыр.

Өздеріңізге мәлім, өрт сөндірушілердің жолына кедергі болған көлік иесіне айыппұл салынды.

Депутаттар не дейді?

Бұл қайғылы жағдай Мәжілісте де көтерілді. Депутаттар өрт қауіпсіздігі жүйесінің әлсіз тұстарын, сондай-ақ жедел қызметтердің оқиға орнына дер кезінде жете алмау мәселесін ашық айтты.

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков Премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, соңғы төтенше жағдайлар елдегі өрт қауіпсіздігі мен жедел қызметтердің қолжетімділігі жүйесін шұғыл қайта қарау қажет екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, соңғы төтенше жағдайлар көрсеткендей, Қазақстанда өрт қауіпсіздігі жүйесі мен жедел қызметтердің оқиға орнына жету мүмкіндігі шұғыл қайта қарауды талап етеді. Бүгінде адамдар тек өрттің өзінен емес, өрт сөндіру көлігі, жедел жәрдем немесе басқа да қызметтердің дер кезінде жете алмауынан да қаза табуы мүмкін.

Депутат мәселе тек тұрғын үйлерге ғана емес, жеке секторға, коммерциялық нысандар мен адамдар көп жиналатын орындардың барлығына қатысты екенін атап өтті.

Жабық аулалар, ретсіз тұрақ, істен шыққан гидранттар, өртке қарсы құралдардың болмауы және басқарушы ұйымдардың формалды бақылауы - мұның бәрі адамдардың өміріне тікелей қауіп төндіреді, – деді ол.

Оның мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда 93 мыңнан астам өрт және авариялық-құтқару жұмыстары тіркелген. Оның шамамен 62 пайызы тұрғын секторға тиесілі.

Осыған байланысты депутат Үкіметке нақты ұсыныстар жолдады:

– төтенше қызметтерге арналған арнайы Fire Lane жолақтарын енгізу;
– құтқарушыларға кедергі келтіретін көліктерді, шлагбаумдар мен қақпаларды бұзуға құқық беру;
– өрт қауіпсіздігі жүйесіне цифрлық бақылау енгізу;
– мүлікті міндетті сақтандыру механизмін қарастыру.

Секундтар шешуші рөл атқаратын кезде шлагбаумдар мен көліктер адам өміріне қауіп төндірмеуі тиіс, – деді депутат.

Сонымен қатар Олжас Құспеков мәселенің тек инфрақұрылымға ғана емес, азаматтардың өзіне де байланысты екенін айтты.

Оның сөзінше, аулалардағы бейберекет тұрақ – жүйелі проблема. Көп жағдайда тұрғындар көлікті қалай болса солай қояды, ал бұл төтенше жағдайда ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Біз көлікті қоямыз да, оның ертең біреудің өліміне себеп болуы мүмкін екенін ойламаймыз. Бұл мәселе біздің санамызда жатыр, – деді ол.

Депутат арнайы жолақтарға көлік қойғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет екенін айтты. Тіпті мұндай әрекеттер ауыр салдарға әкелсе, қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ ол өрт қауіпсіздігін күшейту үшін толық аудит жүргізіп, барлық үйде сигнализация, өрт сөндіру құралдары мен инженерлік жүйелердің жағдайын тексеру қажет екенін жеткізді.

Бұдан бөлек, депутат сақтандыру жүйесін енгізу арқылы азаматтардың жауапкершілігін арттыруға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, сақтандыру компанияларының талаптары арқылы тұрғындардың қауіпсіздікке деген көзқарасын өзгертуге болады.

“Паркинг болмаса, онда нысандар пайдалануға берілмеуі керек”

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл мәселені құрылыс саласындағы талаптардың жеткіліксіздігімен байланыстырды.

Оның айтуынша, көптеген тұрғын үй кешендері жеткілікті автотұрақсыз пайдалануға беріледі. Соның салдарынан аулалар көлікке толып, арнайы техниканың қозғалысы қиындайды.

Әрбір тұрғын үйде жеткілікті паркинг болуы тиіс. Егер ол болмаса, мұндай нысандар пайдалануға берілмеуі керек, – деді депутат.

Ол құрылыс нормаларын күшейтіп, әрбір тұрғын үй кешенінде арнайы техниканың еркін кіруіне жағдай жасалуы міндетті болуы тиіс екенін айтты.

Сондай-ақ төтенше жағдайда өрт сөндіру техникасына кедергі келтірген көліктерді эвакуациялауға толық құқық беру қажет екенін атап өтті.

Депутаттың пікірінше, құрылыс компаниялары тұрғын үйді пайдалануға бермес бұрын автотұрақ мәселесін толық шешуі тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, Астанадағы бұл қайғылы оқиға өрт қауіпсіздігі, қалалық жоспарлау және азаматтық жауапкершілік мәселелерін қайта қарау қажеттігін көрсетті.

Айта кетейік, өрт 12 сәуірге қараған түні Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Өрт 15-қабаттағы пәтерден шыққан. Сол сәтте пәтерде отбасы болған.

Оқиға салдарынан үш бала қаза тапты. Өрт сөндірушілер қаза болған балалардың анасын құтқарып, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізді. Жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын ғимараттан өз бетімен шыққан.

Бұған дейін аталған өрт салдарынан үш баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді.

Сондай-ақ, дәрігерлер үш баласынан айырылған ананың жағдайы ауыр екенін айтты.

Одан кейін қайғылы сәттің куәгері болған әйел өрт басталған бетте түн ішінде қалай оянғанын баяндады. 

Өрт болған тұрғын үйдегі қақпаның алдына көлігін қойған жүргізуші жазаланды