Үш айдан бері іздеуде жүрген тағы бір жігіт табылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері 3 ай іздеуде болған 33 жастағы жігіттің қайда жүргенін анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың қазан айында полицияға Ақсу ауданының 1988 жылы туған тұрғынының үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы ақпарат түскен. Ағасының хабар-ошарсыз кеткеніне алаңдаған оның Талдықорған қаласында тұратын қарындасы жергілікті полицейлердің көмегіне жүгінген.
Ақпарат алған соң бірден іздеу жұмыстарын бастадық. Тәртіп бойынша түрлі нұсқаны қарастырдық. Тәжірибелі мамандар оң нәтижеге қол жеткізіп, 7 қаңтарда іздеу жарияланған жігіт Сарқан ауданынан табылды. Жігіттің туыстарына хабар берілді. Енді жігіттің неге хабарсыз кеткені және осы уақыт аралығында қандай жағдайда өмір сүргені анықталатын болады, - деді Ақсу ауданы Полиция бөлімінің бастығы Әділмұрат Байзолда.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін бес ай бойы із-түзсіз кеткен сарыағаштық жігіттің құмар ойынына салынып кеткені жайлы хабарлаған едік.