Бүгiн 2026, 12:04 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Үш адам қаза тапқан жарылыс: Бектенов "Қазцинк" басшылығын сынға алды

Премьер-министр өндірістегі қауіпсіздікке қатысты қосымша шаралар қабылдауды талап етті.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында «Қазцинк» компаниясының бас директоры Жанат Жанботиннің баяндамасын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Компания басшысы еңбек қауіпсіздігі талқыланған отырыста Өскемендегі зауытта үш адам қаза тапқан қайғылы оқиғаға қатысты мән-жайды айтқан болатын. Алайда Олжас Бектенов оның түсініктемесін қабылдамады.

Жанботиннің айтуынша, үш қызметкердің қазасы бүкіл кәсіпорын үшін орны толмас қайғы болған. Ол қазір компания үшін ең басты міндет – оқиғаның нақты себептерін анықтап, мұндай жағдайдың қайталануына жол бермейтін алдын алу шараларын әзірлеу екенін айтты.

Біз мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін бәрін жасауға міндеттіміз, – деді ол.

Компания басшысы 2023 жылдан бері «Қазцинде» өліммен аяқталған оқиғалар болмағанын атап өтті. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігіне жыл сайын орта есеппен 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді.

Өз кезегінде Үкімет басшысы өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша тұрақты есеп беруді тапсырды. Ол Жанботиннің баяндамасына күмән келтіріп, мамыр айында болған қайғылы оқиға айтылған сөздердің бәрін жоққа шығаратынын айтты.

Жақсы баяндап отырсыздар. Бірақ мамырдағы жағдай сіздердің сөздеріңізді жоққа шығарып тұр. Сондықтан қосымша нақты әрі белсенді шаралар қабылдау қажет, – деді Олжас Бектенов.

Еске салайық, бұған дейін министр Әрінов «Қазцинк» зауытындағы жарылыстың алдын ала себебін атаған болатын.