ҰСБ журналистерге баға статистикасының ерекшеліктерін таныстырды

Ұлттық статистика бюросы журналистерге баға статистикасының ерекшеліктерін түсіндіріп, инфляцияны есептеудің жаңа құралдарын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шарада Бюро өкілдері инфляцияны есептеу әдістемесі туралы айтып, деректерді сапалы жинау үшін енгізілетін жаңашылдықтарды таныстырды. Жаңа әдістер фискалдық чектер мен мобильді қосымша арқылы деректерді жинау деректеріне негізделген инфляцияны бақылауға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта тіркеуші мамандар тексерілетін объектілер бойынша тауарлар мен қызметтердің бағасы бойынша деректерді қағаз журналға жазбаша енгізеді. Ай сайын 500-ден астам тауар мен қызметтің (403 тауар, 105 қызмет) бағасы белгіленеді. Инновациялар статистиканы қалыптастырудың жеделдігін қамтамасыз етуге, шығындарды оңтайландыруға және деректер сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, тіркеуші мамандар бағаларды арнайы әзірленген мобильді қосымшада тіркейді, ал тауарлардың бағалары бар фискалдық деректер өңдеу орталығына дереу түседі.

Қазіргі уақытта бағаларды бюроның аумақтық департаменттерінің мамандары тіркейді. Олардың әрқайсысы мәліметті қағазға жазбаша түсіреді. Бүгін біз таныстырып отырған мобильді қосымшада бағаны тіркеп қана қоймай, өнімнің штрих-кодын сканерлеп, тіпті оның суретін де түсіруге болады, сондай-ақ объектінің орналасқан жерін растап, деректерді онлайн тәртіпте жедел жібереді. Қосымша жұмыс тәртібін жеңілдетіп, деректерді өңдеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, – деді ҚР Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.

Осылайша, бұл жаңашылдық деректерді жинау сапасын бақылауды арттырып қана қоймай, бағаны талдау мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Біз деректерді жинау әдістерінің дәлдігі мен сенімділігін үнемі арттыруға тырысамыз, ең маңызды міндеттердің бірі фискалдық чектер сияқты балама көздерді пайдалану. Бұл әдісті Бельгия, Швеция, Швейцария және басқа да Еуропа елдері қолданады. Біз де Қазақстанда осы жобаны іске асыруға кірісіп, Халықаралық валюта қорының сарапшыларын жұмысқа тарттық. Бұл деректерді есептеу үшін фискалдық ақпарат Қаржы министрлігінде жиналады, содан кейін әзірленіп жатқан каталогқа сәйкес сұрыпталып жіктеледі. Бұл чектердегі тауарлар тізімінен тұтынушы қоржынының құрылымындағы өнімдерді ажыратып алуға мүмкіндік береді, – деді бюроның баға департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.

Бүгінгі таңда бюроға пилоттық тәртіпте апта сайын фискалдық операторлардан сатып алынған тауарлар мен қызметтер бойынша шамамен 100 млн. жазба келіп түседі, оның ішінен тауар позицияларының 53 түрі бойынша шамамен 10 млн. жазба талданады. Талдауға барлығы 12 мыңнан астам бақылау-кассалық машинасының деректері ескеріледі.

Бюро инфляцияны есептеу кезінде фискалдық деректерге толық көшу үшін алынатын тауарлар мен қызметтердің тізбесін кезең-кезеңімен кеңейтетін болады. Ол үшін деректердің тазалығы мен салыстырмалылығын қамтамасыз ететін тауарлар мен қызметтердің бірыңғай каталогын енгізу, сондай-ақ Халықаралық валюта қоры тарапынан әдіснаманы растау қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық статистика бюросы
Өзгелердің жаңалығы