USAID Орталық Азиядағы ЛГБТ-ның қауымдастығына 2 млн доллар бөлді
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов 2022-2025 жылдары USAID Орталық Азияда адам құқықтары мен теңдікті нығайтуға $2 млн бөлгенін, ал бұл бағдарламаның атқарушысы Еуропалық халықаралық лесби, гей, бисексуал, трансгендер және интерсекс қауымдастығы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біздің өңірде 2022-2025 жылдары USAID Орталық Азияда адам құқықтары мен теңдікті нығайтуға $2 млн бөлді. Бағдарламаның орындаушысы – Еуропалық халықаралық ЛГБТИ қауымдастығы, – деді депутат өз сауалында.
Магеррамовтың айтуынша, соңғы күндері USAID қызметіне қатысты жаңа әрі алаңдататын деректер жарияланып жатыр. АҚШ үкіметінің ресми мәлімдемесіне сәйкес, USAID ондаған жылдар бойы "зиянды жобаларды" қаржыландырған.
Біз кейбір топтардың "сексуалдық азшылықтардың құқықтары" деген ұрандармен белсенділігінің артуы қоғамның ішкі сұранысына байланысты емес, сыртқы ықпалдың, соның ішінде шетелдік қаржылық қолдаудың әсері екенін түсінеміз. "Әйелдер маршы", "лесби шерулері" және Алматы орталығында түрлі акциялар өткізу әрекеттері – осындай ұйымдардың қызметінің нәтижесі, – деді депутат.
Қаржылық есептерді жариялау және заң жобасын әзірлеу ұсынысы
Магеррамов Қазақстанның әділет және экономика министрліктерін шетелдік демеушілер бөлетін қаржының аудитін жүргізуге және барлық есепті ашық жариялауға шақырды. Сондай-ақ, ол Әділет министрлігін балаларды осындай "зиянды" жобалардан қорғауға бағытталған заң жобасын әзірлеуге шақырды.
Әділет министрлігі еліміздің балаларын осындай “спонсорлық” жобалардың психоэмоционалдық, менталдық және физикалық әсерінен қорғауды қамтамасыз ететін заң жобасын әзірлеуі қажет, – деді мәжілісмен.