Үржардағы жол апаты: Екі баланың жағдайы әлі де ауыр
Абай облысы Үржар ауданында көлік қағып кеткен екі баланың жағдайы әлі де ауыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Қазіргі таңда зардап шеккен балалар елордадағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасында ем қабылдауда.
21 тамыз күні Абай облысынан елордаға жеткізілген балалардың жағдайы әлі де ауыр. Екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр. Балаларда көптеген сүйек сыну мен ауыр жарақаттары бар, - деп атап өтті аурухананың баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауында.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын хабарлады.
Белгілі болғандай, қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған.
Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Үржарда үш баланың қазасына себеп болған жол апаты тергеліп жатыр.
Дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресуде. Екі бала Астанаға жеткізіледі.