Үржардағы жол апаты: Балаларды қағып кеткен жүргізуші куәлікті қалай алған?
Үржарда болған ауыр жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда кінәлі адам қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды, күдікті қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде бұл адам жайлы түрлі пікірлер тарап жатыр. Бірақ біз мұның бәрін қылмыстық іс аясында нақты тексереміз, – деді министр Мәжіліс кулуарында.
Саденов атап өткендей, күдіктінің бұрынғы психикалық денсаулығына қатысты айтылып жатқан деректер де тергеу барысында мұқият қарастырылады.
Егер ол, мысалы, 2000-жылдары диспансерде есепте тұрса, онда ол құжат бойынша тексеріледі. Қайта жүргізілген тексерулер, медициналық карта, басқа да дәлелдер арқылы жауапкершіліктен жалтару мүмкін болмайды, – деді Саденов.
Еске салсақ, 19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауында.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын хабарлады.
Белгілі болғандай, қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған.
Апаттан кейін жүргізуші қамауға алынды. Үржарда үш баланың қазасына себеп болған жол апаты тергеліп жатыр.
Дәрігерлер балалардың өмірі үшін күресуде. Екі бала Астанаға жеткізіледі.