Үржардағы қайғылы оқиға: қайтыс болған балалар әжесіне қонаққа барған
Абай облысының әкімдігінен Үржар ауданында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен балалар туралы толық мәлімет берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмды. Сондай-ақ 6-9 жас аралығындағы тағы үш бала жарақат алып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында қажетті медициналық көмек алуда.
Белгілі болғандай, зардап шеккендер екі отбасының балалары. Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болды, - деп хабарлады облыстық әкімдіктен.
Облыс әкімдігі тарапынан қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі.
Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында, - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Абай облысы, Үржар ауданының Бестерек ауылында кәмелетке толмаған балаларды көлік қағып, салдарынан үш бала көз жұмды. Тағы үшеуі түрлі жарақатпен дәрігерлердің бақылауында.
Президент тапсырмасымен Астанадан Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлері Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен жеткізілді.
Сондай-ақ, облыс әкімдігі қайтыс болған балалардың отбасына көмек көрсететінін хабарлады.
Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларға ота жасалып жатқанын, оларға медициналық көмек көрсетуге үздік мамандар тартылғанын хабарлады.