Ұрып-соғып, күйдірген: Шымкентте балаларын азаптаған әйел сот алдында жауап берді
Қазіргі уақытта балалар мемлекет қамқорлығына алынған.
Шымкент қаласында балаларын жүйелі түрде азаптады деп айыпталған әйелге қатысты сот процесі жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, анасы балаларға қатыгездік көрсетіп, оларды ұрып-соғып, ыстық заттармен күйдірген. Сот отырысында балалар куәлік беріп, өздеріне жасалған зорлық-зомбылық туралы айтып берген.
Сот барысында айыпталушыдан тергеу кезінде берген жауаптары нақтыланды. Әйел баласының аузын қыздырылған шанышқымен күйдіргенін, сондай-ақ темекі шеккенін көргеннен кейін үтікпен денесінің түрлі бөліктерін күйдіргенін мойындады.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін айтты.
Іс бойынша сотқа бейнематериалдар мен басқа да дәлелдер ұсынылған. Бұған дейін балалардың жүйелі түрде қорлық көргені туралы ақпарат жыл басында белгілі болған еді.
Қазіргі уақытта балалар мемлекет қамқорлығына алынған. Олардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрған жоқ.