Ұрып-соғу мен сталкинг: Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы не білу керек?
Отбасындағы жанжал қылмыстық іске айнала ма?
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі болып қала береді. Соңғы жылдары бұл саладағы заңнама едәуір күшейтілді: ұрып-соғу әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, Қылмыстық кодекске сталкингке, яғни адамды еркінен тыс қудалауға қатысты жеке бап қосылды.
Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Мадияр Оразақ заң талаптарының бүгінде қалай қолданылып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отбасындағы жанжал қашан қылмыстық іске айналады?
Прокурордың айтуынша, тұрмыстық жанжалдардың соңы көбіне қылмыстық құқық бұзушылыққа ұласып жатады. Ең жиі кездесетін жағдайлар – денсаулыққа зиян келтіру, ұрып-соғу, азаптау, адамды қудалау және балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау.
Отбасылық-тұрмыстық салада ең көп тіркелетін құқық бұзушылықтардың бірі – ұрып-соғу, – деді Мадияр Оразақ.
Заң бойынша ұрып-соғу деп адамның денесіне жеңіл зиян келтірмесе де, оған физикалық ауырсыну тудырған әрекеттер түсініледі.
Мұндай қылмыс үшін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе қамауға алу жазасы қарастырылған.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін нақты жаза тағайындалып жатыр
Прокуратура өкілдері сот тәжірибесінен мысал келтірді.
Қызғаныштан туындаған отбасылық жанжал кезінде елорда тұрғыны жұбайына дене жарақатын салған. Осы факті бойынша ер адамға қатысты ұрып-соғу бабымен қылмыстық іс қозғалған.
Сот үкімімен кінәлі тұлғаға 40 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды, – деді прокурор.
Сталкинг деген не және ол үшін неге қылмыстық жауапкершілік енгізілді?
Соңғы жылдардағы маңызды өзгерістердің бірі – сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі.
2025 жылғы шілдеден бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы қолданысқа енгізілді.
Сталкинг – бұл күш қолданумен ұштаспайтын, алайда жәбірленушінің еркінен тыс онымен байланыс орнату немесе аңду арқылы жүзеге асырылатын, елеулі зиян келтіретін заңсыз қудалау, – деп түсіндірді Мадияр Оразақ.
Прокурордың айтуынша, мұндай әрекеттерге адамның соңынан қалмай жүру, үйіне немесе жұмыс орнына қайта-қайта бару, тоқтатуды талап еткеніне қарамастан үздіксіз қоңырау шалу немесе хабарлама жіберу жатады.
Жаңа бап іс жүзінде қолданыла бастады
Прокурордың айтуынша, бұл норма қазірдің өзінде құқық қорғау органдарының тәжірибесінде қолданылып жатыр.
Мәселен, ажырасқаннан кейін ер адам бұрынғы жұбайын қудалауын тоқтатпаған. Ол әйелдің үйі мен жұмыс орнына барып, WhatsApp арқылы үнемі хабарлама жіберіп, қайта-қайта қоңырау шалған.
Жәбірленушінің арызынан кейін оған қатысты сталкинг бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Кейін іс сотқа жолданып, нереабилитациялық негіздер бойынша тоқтатылған.
Құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгіну неге маңызды?
Прокуратура өкілдерінің айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрестің басты мақсаты – тек кінәлілерді жауапқа тарту емес.
Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алудағы негізгі мақсат – зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отбасы институтын нығайту, – деді Мадияр Оразақ.
Оның сөзінше, құқық қорғау органдарына уақытылы жүгіну ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ал әрбір дерекке құқықтық тұрғыдан принципті баға беру мұндай қылмыстардың санын азайтуға ықпал етеді.