Ұрыны ұялы телефонға түсірген балалар марапатталды
Әлеуметтік желіде блогер болғысы келген жасөспірімдердің түсірген бейнежазбасы кеңінен таралуда. Бұл ерекше бейнежазба полицейлерге бірнеше үйге ұрлыққа түскен ұрыны анықтауға көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, аталмыш оқиға Түркістан облысы Жетісай ауданында орын алған. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жүрген жасөспірімдер кенеттен көрші үйде бөтен біреу жасырынып отырғанын байқап қалады. Бір қызығы көршінің қақпасы құлыпталып тұрған. Мұны көрген жасөспірімдер қызықты бейнежазба түсіру ниетімен ұялы телефондарын іске қосады.
Жетісай АПБ-нің бастығы Әділбек Сапарбеков қылмысты ашуға көмектескен Назерке Қалдыбайқызы, Раяна Ерлан, Нұрасыл Нұржанұлын арнайы қонақ ретінде қабылдады.
Полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, оқуда озат болыңдар деп тілек білдірді. Сонымен қатар спорттық киім, аяқ киім сыйлап, ата-аналарына алғыс хат табыс етті. Полицейлер тарапынан көрсетілген құрмет пен берiлген сыйлықтар үшін балалардың ата-аналары өз ризашылықтарын бiлдiрдi.