«Ұрпақ тәрбиесі: Жаңа Қазақстанның біліміне тың және орнықты көзқарас» атты форум өтті
Ақмола облысы Аршалы ауданында А. Байтұрсынов «Білім академиясы» ұйымдастырған Ж.Тәшенев атындағы қазақ орта мектебінде «Ұрпақ тәрбиесі: Жаңа Қазақстанның біліміне тың және орнықты көзқарас» атты lV-республикалық форум өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Форумға республикалық, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімінің, ЖОО, колледж, және МДБҰ-ның қызметкерлері, мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіру және әдістемелік орталықтарының мамандары, мектеп басшылары, пән мұғалімдері мен республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің мамандары қатысты.
Тәуелсіздігіміздің қастерлі нышандары рәміздерімізді, біздің келешегіміз болған жас жеткіншектерімізге мектеп қабырғасынан бастап түсіндіру маңызды. Құрметті ұстаздар мен ата-аналар бала тәрбиесін ұлттық рухтың нышанына айналған Ту, Елтаңба, Әнұранды құрметтеуден бастауымыз керек, - деді іс-шараға арнайы қонақ ретінде шақырылған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұма .
Орталық басшысы ұстаздар мен қоғам өкілдері қатысқан форумда, мектеп оқушыларына мемлекеттік рәміздерді насихаттау, патриотизм мен ұлттық көзқарастарды қалыптастырудың әлемдік озық үлгілерін пайдалана отырып, білім жүйесінде күнделікті қолдану барысы туралы кеңінен баяндады.
Алқалы жиынның мақсаты оқу орындарында жоспарланған жұмыстарды практика жүзінде, оқутәрбие үдерісінде тікелей қарастырып, көпшілік талқысына салу, тәжірибемен алмасу. Білім беру сатыларының арасындағы сабақтастықты орнатуға негізделген білім саясатын жүзеге асыру.