Ұрлықшыны ұстаған ұландықтар
Қарағанды қаласының қоғамдық тәртібін қадағалау кезінде Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінің сарбаздары Октябрьский ауданында орналасқан "Ласточка" кафесінің маңында белгісіз азаматшаның жеке куәлігі мен әмиянын тауып алады. Әскери жасақ табылған зат бойынша басшылыққа баяндап, әмиянды иесіне тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
Дәл осы кеште сағат 21.30 кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген 5451 әскери бөлімінің әскери жасақтарына байланыс құралдары арқылы шұғыл ақпарат келеді. Ақпаратта белгісіз азаматтың ашық тұрған сөмкеден 80 000 теңге көлемінде ақша ұрлап Төлепов көшесі 15 үй маңына қарай өткені айтылған. Бірден әрекет еткен әскери жасақ құрамы "Хомми" атты қызметтік иттің көмегімен қылмыскерді қолға түсіреді, - делінген хабарламада.
Ұстау барысында азаматтың бұрын сотталғаны анықталды. Аталмыш факті бойынша Қарағанды қаласының #3 полиция учаскесінде іс қозғалды.