«Үркердің онлайн зертханасы» басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Медиа даму қорының» ұйымдастыруымен биыл алғаш рет журналистика факультеттері студенттеріне арналған «интеллектуалды активити» күндері басталды. Осы іс-шара аясында баспа, радио және интернет журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары бүгін онлайн-конференция өткізді.
Айтулы іс-шара қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұсынысымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ пен «Медиа даму қорының» қолдауымен жас тілшілерге жол тартты. Үркер сыйлығына ұсынылған 500-ге тарта еңбектің арасынан суырылып алға шыққан жеңімпаздар дәріс өткізді.
Арасында «Strategy 2050.kz» порталының бас редакторы Қайрат Жандыбаев та бар. Ол заман талабына сай пайда болған «лонгрид» ұғымымен таныстырып, тәжірибе жүзінде өтімділігін көрсетті.
Ағылшын тілінен аударған «long read» ұзақ оқу деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде таңбаның санын айтып отырған жоқ. Мәтіні аз, картинкасы көп, көлемді материал да лонгрид саналады. Оны басқа форматтардан ерекшелендіретін басты фактор - тақырыптың тереңдігі мен өңделу дәрежесі, - дейді Қайрат Жандыбаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда ұзақ мәтіндерді оқымайтындар көп. Сондықтан лонгридтің оқырман тартуда пайдасы көп.
Иә, біздің заманымызда оқырман назарын аудару және ұстап тұру қиын. Көбісі оқуға ерінеді, одан да аудио тыңдап немесе видео қарағанды құп көреді! Оқыту қиын, бірақ мүмкіндік бар. Бұл процесте әкетіп бара жатқан ештеңе жоқ. Егер сіз қарапайым ережелерді ұстанатын болсаңыз, онда материалыңыз оқылады. Лонгрид ұзақ материалдардың пішінін қызықты әрі мазмұнды етеді. Лонгридте фото, видео, аудио және мәтін де бар. Бірақ адамның ішін пыстыратын қаріппен емес, өнер туындысы ретінде ұсынылған, - дейді журналист.
Қайрат Жандыбаевтан бөлек, 2020 жылғы «Үркердің» басқа да бірнеше жеңімпазы қатысып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.
Kyzylorda-news.kz порталының бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаев репортаж жазудағы басты 7 қадаммен таныстырып, тәжірбиесімен бөлісті. «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Гүлбаршын Сабаева сұхбат жанрының аса жауапкершілік пен батылдықты талап ететіндігін атап айтты. «Үздік газет номинациясы» бойынша «Үркер сыйлығын» иеленген Жамбыл облыстық, 100 жылдық тарихы бар «Aq Jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт газет өмірін түсінікті жеткізді. БАҚ-тағы ерекше дауыс пен мінсіз детальды талап ететін әуе толқыны. Өңірлік радио болғандығына қарамастан, конвергентті журналистикамен айналысатын, 101.2 FM жиілігінде тарайтын «Atyray» радиосы «Үздік радио» номинациясын жеңіп алды. Радионың аға редакторы Слухия Қаттарқызы радионың ішкі тынысымен таныстырды. Тұрысбек Сәукетаев пен Қайнар Олжай секілді журналистиканың қаймақтары жас журналистерге ақылын айтып, сәттілік тіледі, - дейді Қазақ ұлттық университетінің студенті Жансая Жөкен.
Осы университеттің журналистика факультетінің баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессоры Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, әлемде журналистер арасында ұлттық мәртебелі сыйлық иегерлерінің осындай жақсы тәжірибесі бар.
Мәселен, Pulitzer Prize пулитцерліктер екі жылда бір Гонконг университетінде 10 күн бойы студенттерге шеберліктерін бөлісіп, арнайы жиналады. SOPA Awards Азия елдері журналистері сыйлығы жеңімпаздары да Гонконгта бас қосып, екі жылда бір студенттерге дәріс оқиды, - дейді Гүлмира Сұлтанбаева.