25 Қыркүйек 2026, 18:17 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

Уран, технология, көлік, фармацевтика: Қазақстан мен Үндістан қандай салаларда серіктес болмақ?

Астанада «Үндістан–Қазақстан стратегиялық диалогы» атты семинар өтіп, онда екі ел арасындағы саяси, экономикалық және стратегиялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару мәселелері талқыланды. Сарапшылар сауда көлемін ұлғайту, көлік байланысын дамыту, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, энергетика, цифрландыру, фармацевтика және технология салаларындағы әріптестіктің әлеуетіне тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Іс-шараны Үндістанның Қазақстандағы Елшілігі, Қазақстанның Стратегиялық зерттеулер институты және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Үндістан елшісі: Саяси байланыс бар, енді оны экономикалық серіктестікке айналдыру қажет

Үндістанның Қазақстандағы елшісі Ж.М. Я.К. Сайлас Тангал екі ел арасында өзара сенімге негізделген жылы саяси қарым-қатынас қалыптасқанын атап өтті.

Оның айтуынша, Үндістан мен Қазақстан арасындағы әріптестік өзара құрметке, ортақ өркениеттік байланыстарға, бейбітшілік, тұрақтылық пен дамуға деген ортақ ұстанымға негізделген. Қазір екіжақты ынтымақтастық қауіпсіздік, қорғаныс, байланыстылық және өңірлік өзара іс-қимыл бағыттарын да қамтиды.

Алайда елші экономикалық байланыстардың қазіргі деңгейі екі елдің әлеуетіне толық сәйкес келмейтінін айтты.

Айтарлықтай көбірек жұмыс атқару қажет бір сала бар. Ол – экономикалық өзара іс-қимыл, әсіресе сауда мен инвестициялар, – деді Сайлас Тангал.

Оның сөзінше, екіжақты сауда көлемі ұзақ уақыттан бері 1 млрд доллардан төмен деңгейде қалып отыр. Елші бұл көрсеткіш Үндістан нарығы мен Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық мүмкіндіктерін толық көрсетпейтінін атап өтті.

Сайлас Тангал екі ел экономикасы бір-біріне бәсекелес емес, керісінше өзара толықтыратынын айтты.

Қазақстан Үндістанға энергетика, стратегиялық маңызы бар минералдар, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында мүмкіндіктер ұсына алады. Ал Үндістан Қазақстан үшін ауқымды әрі өсіп келе жатқан нарықпен қатар инновациялық серіктес бола алады.

Елшілік бизнес байланыстарын күшейтіп жатыр

Елші 2026 жылы екі елдің іскерлік байланыстарын жандандыру бағытында бірқатар шара өткізілгенін айтты.

Оның мәліметінше, Алматыда Үндістан-Қазақстан фармацевтикалық бизнес форумы мен B2B кездесулері ұйымдастырылып, оған 45-тен астам үндістандық фармацевтикалық компания мен 200-ден астам қазақстандық мүдделі тарап қатысты.

Сондай-ақ Үндістанның 16 компаниясынан құралған көпсалалы бизнес делегациясы Шымкентке барып, кейін Астанада Сауда вице-министрімен, «Атамекен» ҰКП және «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілдерімен кездесті.

Бұдан бөлек, Үндістан тарапы Алматыда өткен KazBuild халықаралық көрмесіне павильонмен қатысқан. Елші Үндістанның KIOGE көрмесіне де алғаш рет павильон орналастыратынын айтты.

Қыркүйек айының басында «Kazakh Invest» компаниясымен бірлесіп, шамамен 70 қазақстандық компания мен 120-дан астам бизнес өкілінің Ченнайға сапары ұйымдастырылған. Қазақстандық кәсіпкерлер Үндістандағы өндірістік, фармацевтикалық, машина жасау және станок жасау кәсіпорындарына, сондай-ақ ғылыми-зерттеу мекемелеріне барған.

Сапар барысында Үндістан-Қазақстан сауда және инвестициялар форумы өтіп, B2B кездесулер ұйымдастырылды.

Сайлас Тангалдың айтуынша, бұл іс-шаралардың барлығы жеке бастамалар емес. Олардың мақсаты – бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнатып, нақты коммерциялық нәтижелерге қол жеткізу.

Сауданы арттыру үшін қандай кедергілерді жою керек?

Елші бизнес делегациялар мен көрмелердің өзі жеткіліксіз екенін атап өтті.

Оның пікірінше, екі ел арасындағы экономикалық қатынастардың толық әлеуетіне қол жеткізуге кедергі келтіретін құрылымдық мәселелерді анықтау қажет. Олардың қатарында көлік байланысы, логистика, кеден рәсімдері, төлем тетіктері, нарыққа қолжетімділік, реттеуші мәселелер, ақпарат алмасу және инвестицияларды жеңілдету мәселелері бар.

Біздің экономикамыздың өзара толықтырушылығын тұрақты серіктестікке айналдыра алатын жаңа бағыттарды айқындауымыз керек, – деді ол.

Сайлас Тангал стратегиялық диалогтың негізгі мақсаты да осы мәселелерді талқылап, нақты ұсыныстар әзірлеу екенін айтты.

Үш онжылдықтағы серіктестік: Үндістан үшін Қазақстанның маңызы қандай?

Үндістан тарапының сарапшысы, доктор Правеш Кумар Гупта үш онжылдықтағы Қазақстан-Үндістан серіктестігіне тоқталды.

Оның айтуынша, әлем геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық тұрғыдан жылдам өзгеріп жатқан кезеңде Үндістан мен Қазақстан арасындағы әріптестіктің маңызы екіжақты қатынастар шеңберінен асып түседі.

Үндістан Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған елдердің қатарында. Дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы ақпанда орнаған, ал 2009 жылы екі ел арасындағы байланыс стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді.

Гупта 2015 жылы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің Қазақстанға сапарын екіжақты қатынастарды жаңа бағыттарға кеңейтуге серпін берген маңызды кезең ретінде атады.

Сол сапар барысында уран жеткізу, қорғаныс және әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі келісімдерге қол қойылып, энергетика, сауда және байланыстылық мәселелері талқыланған.

Ураннан бөлек стратегиялық минералдарға назар аудару ұсынылды

Правеш Кумар Гупта энергетика мен стратегиялық ресурстарды екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ретінде атады.

Оның айтуынша, Қазақстан Үндістанның азаматтық ядролық энергетика бағдарламасы үшін маңызды серіктес болып отыр. Қазақстаннан Үндістанға уран жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасалған.

Алайда сарапшы энергетикалық ынтымақтастықты уранмен ғана шектемеу қажеттігін айтты.

Ол стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мен сирек жер элементтері саласында жаңа мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Бұл бағыттағы ынтымақтастық тек шикізат өндіру мен саудаға емес, барлау, өңдеу, технология, инвестиция және жеткізу тізбегін дамытуға бағытталуы мүмкін.

Гупта сондай-ақ қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік бар екенін айтты. Оның ішінде терроризмге қарсы күрес, ақпарат алмасу, киберқауіпсіздік, шекаралық басқару және кадр даярлау бағыттары аталды.

Сонымен қатар ол қорғаныс ынтымақтастығы әскери техникамен ғана шектелмеуі керектігін айтып, кибер мүмкіндіктер, дрондар, жасанды интеллект және ғарыштық технологияларды жаңа бағыттар ретінде атады.

Сергей Савельев: Сауда көлемін $3 млрд-қа дейін арттыру мүмкіндігі бар

Сыртқы саясатты зерттеу институтының өкілі Сергей Савельев екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың қалыптасқанына 30 жылға жуықтағанын атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыстар достыққа, өзара құрмет пен сенімге негізделген. Екі ел БҰҰ, ШЫҰ, BRICS және «Орталық Азия–Үндістан» диалогы секілді көпжақты алаңдарда да өзара іс-қимыл жасап келеді.

Савельев Қазақстан мен Үндістан арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогты тұрақты түрде жалғастырудың маңызын атап өтті.

Ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қыркүйекте BRICS саммитіне қатысу үшін Үндістанға жасаған сапары және Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін бергенін айтты.

Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты сауда көлемі 2025 жылы 900 млн доллардан асқан. Сонымен қатар ол экономикалық байланыстарды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Біз сауда көлемін 3 миллиард АҚШ долларына дейін ұлғайту мүмкіндігі туралы бірнеше рет айттық, – деді Сергей Савельев.

Ол денсаулық сақтау, фармацевтика, ядролық энергетика, стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, бірлескен өндіріс, инвестициялық жобалар, цифрлық шешімдер мен инновацияларды перспективалы бағыттар ретінде атады.

Көлік байланысы – негізгі мәселелердің бірі

Сарапшылардың сөзінде көлік-логистикалық байланыс бірнеше рет көтерілді.

Сергей Савельевтің айтуынша, Үндістан мен Қазақстан арасындағы сауда көлемін айтарлықтай арттыру үшін тұрақты әрі сенімді құрлықтық көлік қатынасын дамыту маңызды.

Ол осы тұрғыда Халықаралық Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізінің маңызын ерекше атап өтті.

ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен де көлік байланысын екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің негізгі бағыттарының бірі ретінде атады.

Оның айтуынша, байланыстылық тек автомобиль жолдары, теміржолдар мен порттарды салумен шектелмейді. Оның құрамына тиімді кеден жүйесі, болжамды транзиттік рәсімдер, қаржылық байланыстар, цифрлық платформалар, тікелей әуе қатынасы және бизнес өкілдері арасындағы тұрақты байланыстар да кіреді.

Дәурен Әбен: Саяси әлеует пен экономикалық шынайылық арасындағы алшақтық бар

ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен бүгінгі негізгі мәселе екі елдің ынтымақтастығын одан әрі тереңдету қажеттігі емес, стратегиялық әріптестікті қалай мазмұнды әрі нәтижелі ету керектігі екенін айтты.

Оның пікірінше, қазіргі халықаралық орта жылдам өзгеріп жатыр. Жеткізу тізбектері қайта қаралып, көлік байланыстары стратегиялық сипатқа ие болуда. Энергетикалық қауіпсіздік пен стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар да мемлекеттердің күн тәртібінде жоғары орынға шықты.

Сонымен қатар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономикалық бәсекеге қабілеттілікке қойылатын талаптарды өзгертіп жатыр.

Дәурен Әбен Қазақстан мен Үндістанның осы өзгерістер жағдайында бірін-бірі толықтыра алатынын атап өтті.

Үндістанның технологиялық және демографиялық әлеуетін, ал Қазақстанның географиялық орналасуын, энергетикалық және минералдық ресурстарын ескере отырып, екі ел арасындағы әріптестікті тек екіжақты байланыс емес, өңіраралық көпір ретінде қарастыруға болады.

Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары

Дәурен Әбен алдағы кезеңде бірнеше бағытқа ерекше назар аудару қажет деп санайды.

Біріншісі – көлік байланысы. Бұл ретте Солтүстік–Оңтүстік дәлізімен қатар транзиттік рәсімдерді жеңілдету және цифрлық шешімдерді енгізу маңызды.

Екіншісі – экономиканы әртараптандыру. Оның айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық көмірсутектер мен уран жеткізумен ғана шектелмеуі керек.

Стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік өндірісі, IT, жасанды интеллект, жаңартылатын энергетика, мұнай-химия, логистика және денсаулық сақтау салаларында бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік бар.

Мәселе тек “сауда көлемін қаншалықты арттыра аламыз?” деген сұрақта емес. Сонымен қатар “біз нені бірге өндіре аламыз?” деген сұрақ та маңызды, – деді ол.

Үшінші бағыт ретінде сарапшы технология мен адами капиталды атады.

Оның айтуынша, Үндістанның цифрлық мемлекеттік инфрақұрылым, IT, фармацевтика, ғарыш және технологиялық инновациялар саласындағы тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды.

Бұл ретте технологияларды жай ғана импорттаумен шектелмей, бірлескен шешімдер әзірлеу, ортақ зерттеулер жүргізу, инновациялық жобаларды іске қосу және екі елдің технологиялық экожүйелерін байланыстыру қажет.

Дәурен Әбен екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуда сарапшылар, университеттер, жас мамандар, зерттеушілер мен студенттер арасындағы байланыстардың да маңызы жоғары екенін айтты.

Оның пікірінше, Қазақстан мен Үндістан географиялық тұрғыдан тікелей көрші болмаса да, қазіргі әлемде елдерді тек шекаралар емес, көлік дәліздері, жеткізу тізбектері, технология, инвестиция, білім, адамдар мен идеялар байланыстырады.

Осы тұрғыдан алғанда, сарапшы екі елдің алдында географиялық қашықтықты көлік және экономикалық байланысқа, саяси өзара түсіністікті экономикалық әріптестікке, ал тарихи байланыстарды заманауи стратегиялық қарым-қатынасқа айналдыру міндеті тұрғанын айтты.