ҰҚШҰ қорғаныс ведомстволары басшыларының бейнеконференциясы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов бейнеконференция байланыс режимінде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Отырыс барысында қорғаныс ведомстволарының басшылары ұжымдық қауіпсіздік аймақтарындағы әскери қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен қауіптер, сондай-ақ оларға қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде пікір алмасты. Дағдарыстық ден қою жүйесін жетілдіру және ұйым шеңберінде бітімгершілік әлеуетін дамыту жөніндегі шаралар талқыланды.
16 мамырдағы саммитте Қазақстан Президенті атап өткендей, ҰҚШҰ-ны Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік қызметіне қосу жөніндегі жұмысты жандандыру қажет деп санаймыз. Бұл ҰҚШҰ-ның құқықтық субъектілігін нығайтып қана қоймай, бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық операцияларға іс жүзінде қатысу арқылы ұйымның бітімгершілік әлеуетін дамытуға қызмет етеді, – деді Қазақстан Қорғаныс министрі.
Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдарын бірлесіп даярлау және күштері мен құралдарын жасақтаудың 2023 жылға арналған жоспары қабылданды. Радиоэлектрондық күрес мамандықтары бойынша әскери кадрлар даярлау жөніндегі базалық оқу-әдістемелік және ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің радиоэлектрондық күресті дамыту проблемаларын зерттеу саласындағы базалық ғылыми-зерттеу ұйымы туралы ережелер бекітілді.
ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысын 2022 жылдың екінші жарты жылдығында Армения Республикасында өткізу жоспарланып отыр.