ҰҚШҰ. Қазақстан Ресей-Украина мәселесіне араласпайды
Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы саяси шиеленіске араласпайды. Бұл туралы СІМ баспасөз хатшысы Айбек Смадияров, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
БАҚ өкілдеріне арналған кездесуде министрлік өкіліне: Егер Украина ДХР және ЛХР аумағын қайтаруға талпыныс жасаса, Қазақстан ҰҚШҰ мүшесі ретінде Ресейге көмек көрсете ме? деген сұрақ қойылды.
Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы, олардың егемендік теңдігі және халықаралық құқықпен БҰҰ-ның жарғысына сәйкес, бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын ұстанады. Тұтастай алғанда, ҰҚШҰ жауапкершілік аймағы ұйымға мүше мемлекеттердің халықаралық танылған аумақтарымен нақты белгіленген. Жәнеде Ұжымдық қауіпсіздік осы аумақтар шегінде қамтамасыз етіледі. Осылайша, ҰҚШҰ-ның Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс аймағына қатысу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Естеріңізге сала кетейік, маусымда Сочиде өткен кездесу барысында Мемлекет басшысы ДХР мен ЛХР-ға қатысты пікірін Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше айтқан болатын.
Бұл жағдайға қатысты түрлі пікір бар. Қоғам ашық, азаматтық қоғамның толысқаны анық көрінеді. Сондықтан, түрлі пікірлер айтылады. Атап өткім келетіні: қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ, БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша егер ұлттарға таңдау құқығы берілсе, онда жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді.
Осы принциппен біз Тайваньды да, Косовоны да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамай отырмыз. Бұл қағидат Луганск пен Донецк сынды квазимемлекеттік бірлестіктерге қатысты да қолданылады, – деп тікелей жауап берген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.