Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Иранға қатысты мәлімдеме жасады
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесі Иран Ислам Республикасы аумағына жасалған әскери соққыларға және Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты алаңдаушылық білдіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Барлық тараптарды сабырлық танытуға және өңірдегі жағдайды ушықтыруы мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырамыз. Күш қолдануды жол берілмейтін жағдай деп санаймыз және туындаған қайшылықтарды тек бейбіт жолмен, диалог, өзара құрмет және барлық тараптардың мүдделерін ескеру негізінде, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына және БҰҰ Жарғысына сәйкес реттеуге үндейміз, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қатердің алдын алу үшін шұғыл шаралар қолдануға шақырды.
Иранның егемендігін, қауіпсіздігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтеміз. Иран Үкіметі мен халқына қолдау білдіретінімізді және олармен ынтымақтас екенімізді мәлімдейміз.Қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамыз, - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін ҰҚШҰ әскери күштері Қазақстанға келетіні мәлім болған еді.