Бүгiн 2026, 13:05 Фото: Видео кадры: ҰҚК. Коллаж: BAQ.KZ

ҰҚК Жақсылық Омардың қалай ұсталғанын көрсетті

Ведомство Омарға қатысты жедел ақпарат қайдан түскенін айтты.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омардың қалай және не үшін ұсталғанын көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жедел ақпарат қалай түсті?

2025 жылдың соңында ҰҚК-ның Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің жедел қызметкерлері Жақсылық Омардың қарамағындағы ұйымдардың қызметкерлерінен және басқа да адамдардан тұрақты түрде ақша талап еткені туралы жедел ақпарат алған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Омар ақша берген адамдарға қызметтік өсуде қолдау көрсететінін айтып уәде берген. Ал талапқа көнбегендерге жұмыстан шығаратынын немесе лауазымын төмендететінін айтып қысым жасаған. Тергеушілердің айтуынша, бұл адамдардың барлығы Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болған кезде оның қарамағында жұмыс істеген, - дейді ведомство өкілдері.

Ақшаны беру операциясы

2026 жылғы 4 ақпанда құқық қорғау органдары ақшаны алу схемасын құжаттау мақсатында арнайы операция жүргізген. Оның аясында Омарға ақшаның бір бөлігі бақылаудағы тәртіппен берілген. Тергеу мәліметінше, бұл әрекет арқылы күдіктінің ақшаны қандай жолмен алатынын және схеманың қалай жұмыс істейтінін анықтау көзделген.

Кейін Өскемен қаласындағы Жақсылық Омар тұрған жеке тұрғын үйде тінту жүргізілді. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен ақша қаражаты тәркіленген, - дейді ҰҚК өкілдері. 

Жауап алу кезінде кінәсін мойындаған

Тергеу кезінде адвокаттың қатысуымен өткен алғашқы жауап алу барысында Омар кінәсін мойындады. Тергеу барысында қосымша факт анықталып, ол да ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша (лауазымды тұлғаның алаяқтық әрекеттері) іс материалдарына қоса БСТР-ға тіркелді, - дейді ҰҚК өкілдері. 

Айта кетейік, 2026 жылғы 1 сәуірде сот Жақсылық Омарды кінәлі деп танып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.