ҰҚК қызметкерлері қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық тергеуге қатыспау керек – Айман Омарова
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы Айман Омарова Алматыда өткен баспасөз жиынында айтты.
Оның айтуынаша, қасіретті қаңтар оқиғасын ұйымдастыруға ҰҚК-нің қатысы бар және ол тұлғалар тергеу жұмыстарына ықпал етуі мүмкін.
ҰҚК-нің қызметкерлері қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық тергеуге қатыспау керек. Өйткені олардың бұл оқиғаны ұйымдастыруға қатысы бар екені түсінікті. Сондай-ақ президенттен прокуратурадағы ведомствоаралық жедел тергеу жұмыстарына комиссиядан мені және бірнеше адвокатты қатыстыруды сұраймын. Өйткені жағдайды толықтай зерделеуге бізде мүмкіндік болмай отыр, - деді Омарова.
Сонымен қатар ол көпшіліктің жазықсыз адамдарды қамап жатыр дегеніне қатысты жауап берді.
Қамауда отырғандардың барлығы кінәлі немесе жазықсыз деп айта алмаймын. Оны мен шешпеймін, оны сот шешеді. Бірақ олардың ішінде жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар адамдар көп. Мәселен, жас балаларды қарумен қорқытып, қару тасытып және басқа да заңсыз әрекет жасатқан адамдар болған. Олардың бірі атып өлтірілген. Бұл жерде зорлық көрсетуші террористер болғанын көріп отырмыз, - деді ол.