ҰҚК ірі көлемде есірткі жеткізу арнасының жолын кесті
Астана және Алматы қалалары бойынша ҰҚК департаменті прокуратура органдарының үйлестіруімен синтетикалық есірткіні елге жеткізудің халықаралық арнасының жолын кесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҰҚК мәліметінше, қабылданған шаралар нәтижесінде есірткі арнасын ұйымдастырған адам қамауға алынды.
Сонымен қатар Алматы облысы бойынша ҰҚКД жедел қызметкерлері прокуратураның көмегімен есірткінің ірі партиясы бар қойманы тапты. Есірткі затын сақтады деген күдікпен ұсталып, соттың санкциясымен Қазақстанның азаматы қамауға алынды. Алдын ала мәліметтер бойынша, есірткі аймақта жұмыс істейтін ірі есірткі дүкенінің мүддесі үшін интернет арқылы сатылған. Осы іс-шаралардың нәтижесінде 18 кг психотроптық заттар мен 500 литрден астам прекурсорлар тәркіленді, - делінген мәліметте.
Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.