26 Қараша 2026, 13:08 Фото: ІІМ баспасөз қызметі

ҰҚК, ІІМ және прокуратураның жалған құжаттары: Атырау облысында күдікті ұсталды

Құқық қорғау органдарының жалған куәліктері: ІІМ заңсыз бизнестің жолын кесті.

Атырау облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдардың жалған қызметтік куәліктерін дайындау және өткізу бойынша заңсыз арнаның жолын кесті. Бұл туралы ІІМ мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 800-ден астам жалған қызметтік куәлік және оларды дайындау үшін пайдаланылуы мүмкін жабдықтар тәркіленді.

23 қарашада полиция қызметкерлері Lexus 470 автокөлігін тоқтатқан. Онда төрт ер адам болған. Көлікті тексеру барысында сыртқы түрі тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің қызметтік куәлігі табылды. Тексеру нәтижесінде құжаттың жалған екені анықталды. Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жалған құжаттарды дайындады деген күдікпен Атырау облысының 39 жастағы тұрғынын анықтады, - деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Ер адамның тұрғылықты жерін тінту барысында түрлі мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Оның ішінде: 606 - ҰҚК 95 - ІІМ 47 - мемлекеттік кірістер органдары 46 - прокуратура 9 - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің куәліктері.

Сонымен қатар ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютерлік техника, принтер, қатқыл диск және жалған құжаттарды дайындау үшін пайдаланылған өзге де заттар тәркіленді.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті жалған қызметтік куәліктерді сатумен айналысқан. Тоқтатылған автокөлікте болған ер адамдардың бірі одан осындай құжаттарды сатып алғаны анықталды.

Қазіргі уақытта полиция құқыққа қайшы әрекеттің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарын және жалған қызметтік куәліктерді сатып алған адамдарды анықтап жатыр. Полиция қызметкерлерінің уақтылы әрі жүйелі әрекеттерінің арқасында қылмыс жасау үшін пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған қызметтік куәліктің одан әрі таралуына жол берілмеді. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда, - деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк мөрі және қол қойылған жалған хат таратқан алаяқтарға қатысты ескерту жасалды.