Үнзила Шапақ: Конституция қоғамды біріктіретін құндылықтарға сүйенуі керек

Парламент Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ Конституциялық реформа комиссиясының үшінші отырысында Конституцияның преамбуласы мен 33-бабына енгізілген өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Преамбула мәтінінде «мәдениет және білім құндылықтарын, ғылым мен инновация жетістіктерін бағдарға ала отырып» деп жазылуы Конституцияның саяси-құқықтық және бағдарламалық құжат екенін дәйектей түседі. Осылайша Конституция заңдармен ғана шектелмей, білімге, ғылымға, инновацияға, мәдениет пен ұлттық рухқа да бағдар беретіндей болуы керек. Білім мен ғылым — адам әлеуетін дамытуға, инновация — технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, мәдениет пен рух — халықты біріктіруге қызмет етеді, — деді Конституциялық комиссия мүшесі.

Үнзила Шапақтың айтуынша, аталған құндылықтарды Конституцияға енгізу Қазақстанды тек құқықтық емес, өркениетті мемлекет ретінде танытып, Конституциялық реформаның мазмұны мен рухын толық ашуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол Конституцияның преамбуласымен қатар, 33-бапқа енгізілген азаматтардың сайлау және сайлану құқығын шектеуге қатысты нормаларды қолдайтынын атап өтіп, бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдірді.

Сайлау және сайлану құқығы — азаматтың мемлекет ісіне тікелей қатысуын қамтамасыз ететін ең маңызды демократиялық құқықтардың бірі. Бұл құқықтар қазіргі Конституцияда да бекітілген. Әсіресе, сайланушыларға қойылатын шектеулерді Конституцияда емес, тек қолданып жүрген заңдармен реттеу биліктің саяси конъюнктурасына тәуелділікті туындатуы мүмкін. Бұл Әділетті мемлекет қағидатына сай емес, — дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың пікірінше, Конституцияда көзделген шектеулер азаматтардың құқықтарын негізсіз шектемейді, олар тек сот шешімі негізінде және қоғам мүддесін қорғау мақсатында ғана қолданылады.

Шектеусіз құқық — еркіндік емес, ол жауапкершілікпен үйлескенде ғана демократиялық қоғамға сай болады. Мемлекеттік билікке қойылатын моральдық және құқықтық талаптар демократиялық қоғам үшін қажет. Кімнің сайлануға құқығы бар, ал кімнің сайлануға құқығы жоқ екені ашық белгіленсе, қоғамдағы сенім артып, сайлау процесінің әділдігі күшейеді. Сайлану құқығына шектеулерді Конституцияда нақты бекіту билікке келетін адамдарға қойылатын талапты нақтылау арқылы құқықтық айқындық береді. Осылайша, сайлау құқықтары мен шектеулерді Конституцияда бекіту демократияны әлсіретпей, керісінше оны нығайтады. Ұсынылып отырған 33-баптың үшінші тармағын жаңа редакцияда қолдаймын, — деді Үнзила Шапақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы