Алматыда университеттердің жаһандық саммиті өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбында халықаралық конференция басталды.

Университет аталған шараны халықаралық QS рейтинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған. 


Жиын барысында көрме ұйымдастырылып, әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсы (SUN) Бас Ассамблеясының отырысы өтпек. 

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, G-Global Халықаралық Хатшылығы және ҚазҰУ ұйымдастырған «G-Global» бастамасын қолдаудағы «2030 - тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы жастардың рөлі» жаһандық конгресі болады.


Оған академиялық ортаның 800-ден астам көшбасшы өкілдері - университеттердің президенттері мен ректорлары, сондай-ақ 60-тан астам елдің ғалымдары мен сарапшылары қатысуда. Олар: БҰҰ, ЮНЕСКО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері, Microsoft, ВВС, Elsevier, Springer Nature, YODAK, AKSON сияқты әлемге танымал компаниялар; QS «World University Rankings» халықаралық рейтингінің топ-800-ге кіретін университеттердің басшылары; SUN, USRN, IREG Observatory ұйымдар мен университеттерді саралау бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелері; ENAEE инженерлік білім берудің аккредиттеуі бойынша еуропалық желінің сарапшылары.


Олар білім, ғылым, озық технологиялар мен рухани құндылықтарды интеграциялау аясында университеттердің болашақ дамуының жаңа моделін талқылауға және әзірлеуге қатысады. Ұйымдастырушылар бір алаңда бірлесіп іс-шараларды өткізу арқылы университеттердің адам капиталын қалыптастырудағы рөлін арттыруға және жаһандық мәселелерді шешуде синергетикалық әсер ететініне сенімді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы