Ақтөбелік 5 түлек университетте тегін білім алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай қалада "Жүректен жүрекке" атты қайырымдылық аукцион-концерті өтті. Университет ректоры Қ.Жұбанов атындағы бес білім грантын қаладағы мектептердің 5 түлегіне тапсырды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл шараға қатысқан Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік өңірлік университеттің ректоры Бауыржан Ердембеков осындай игі істердің қолға алынғанына қуанатынын жеткізді. 

«Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау көрсетуді мақсат еткен жиыннан оқу орны шет қалмайды. Өзіміз туған шаһардың мерейтойы аясында осындай игі шараның ұйымдастырылғаны қуантады», - деді университет ректоры.

Енді арманға қанат қаққалы отырған 5 мектеп бітірушінің жыл бойы университетте тегін білім алуларына мүмкіндік бар. Жақсы оқып, белсенділік танытқан студенттерге оқу орнының гранты ұзартыла береді.

Іс-шарада Ақтөбе өңіріне белгілі әншілер мен мәдениет қайраткерлері өнер көрсетіп, сөз сөйледі. 

Қайырымдылық концерттен және өткізілген аукционнан түскен қаражат иелеріне сертификаттар тапсырылды. Ал, жетім балаларға мейірімділік танытып, демеушілік көрсеткен азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы