Университетке қарыз студенттер үшін жақсы жаңалық
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ЖОО басшыларына биыл оқу ақысын көтермеуді және қарызы бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндігін беруді ұсынды.
Пандемия салдарынан студенттердің оқуға уақытылы келу мүмкіндігі азайып отыр. Экономикалық жағдай бізге белгілі. Жоғары оқу орындары тарапынан да қолдау жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймын. Біріншіден, қарызы бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндіктерін беру. Талдау нәтижесі мұндай мәселенің бар екенін көрсетті. Сол себепті бөліп төлеуге мүмкіндік қарастыруды сұраймын, - деді Асхат Аймағамбетов министрлік аппаратының онлайн жиналысында.
Ол өзіне жеткен ақпаратқа сәйкес, біраз жоғары оқу орны қазір оқудың бағасын көтеруді жоспарлап отырғанын естігенін айтты.
Сондықтан бұл мәселе бойынша да сіздерге деген бір өтініш бар. Ол өтініш - осы ахуалды біле отырып, жоғары оқу орындарында бағаны өсірмеу. Бұл - өте маңызды. Сондықтан бұл мәселені қарастырып, тиісті шешім қабылдайды ғой деп сенемін, - деді министр.
Ол жоғары оқу орындарын қолдау бойынша бағдарлама дайындап жатқанын айтты.
Бұл жоғарыда аталған мәселелерді шешуге көмектеседі. Ол тек қаржылай қолдау мәселесі емес, басқа да реформаларға байланысты. Осы өзгерістерді сіздерге жеткізіп, жұмыс тобын құрған едік. Оның ішінде ЖОО-ның білімді, білікті, тәжірибелі ректорлары, сарапшылар қатысқан болатын. Соның нәтижесінде біраз шешім қабылдауға дайынбыз. Бұл шешімдер де ЖОО-ның бәсекеге қабілеттілігін көтеруге көмектеседі және қаржы жағына байланысты біраз мүмкіндік береді, - деді Асхат Аймағамбетов.