Универсиаданың алғашқы чемпиондары анықталды
Ақтау қаласында ХІІ жазғы жоғары оқу орындары студенттерінің Универсиадасы өтіп жатыр, деп хабарлайды сол өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Aqtau-2023 универсиадасында 17 спорт түрі қамтылған. Жарыстың алғашқы чемпиондары анықталды.
Үстел теннисінен ұлдар арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіның студенті Санжар Жұбанов жеңімпаз атанса, қыздар арасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Сарвиноз Саидмуратханова жеңіс тұғырынан көрінді. Командалық жарыста Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің ұлдар командаса топ жарса, қыздар арасында I орын – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің командасына бұйырды. Үстел теннисінен жарысқа 16 ұлдар командасынан 48 спортшы және 15 қыздар командасынан 45 спортшы қатысты.
ХІІ жазғы Универсиаданың жүзу түрлерінен чемпиондар белгілі болды. Ұлдар командасы бойынша бірінші орынға Satbayev University, екінші, үшінші орындардыӘл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен Халықаралық туризм және меймандостық университеті спортшылары иеленді. Қыздар арасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері жүзуден алдарына қара салмай, бірінші орынды жеңіп алса, жүлделі екінші, үшінші орындарды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің спортшылары өзара бөлісті.
Жарысқа қатысушылар Yessenov Sport Club кешеніндегі бассейінде 50 метрді еркін және баттерфляй әдісінде, ал 100 метрді брасс және шалқалап жүзу әдісімен жүзіп шықты. Қазір студенттер арасында жеңіл атлетикадан жарыс өтіп жатыр. Ақтау Универсиадасының үздіктері Қытайдың Чэнду қаласында өтетін XXXII Дүниежүзілік Универсиадаға және ІІ Түркі Универсиадасына жолдама алады, - дейді Yessenov University президенті Берік Ахметов.
Айта кетейік, Ақтауда алғаш рет ҚР жоғары оқу орындарының студенттері арасында ХІІ жазғы Универсиада ойындары басталды. Бұрынғы универсиадалар спорт түрлері бойынша бірнеше қаланы қамтитын болса, бұл жолы барлық жарыстар бір аймақта ұйымдастырылуда. Бір ай бойы өтетін додада еліміздің әртүрлі оқу орындарынан 3 мың студент қатысып жатыр.