"Үнемі хабарлама жібереді": Қандай әрекеттер сталкинг болып саналады?
Нақты қандай әрекеттер сталкинг болып саналатыны туралы Ішкі істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Талғат Жұманов түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қылмыстық кодекске "Сталкинг" үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Сталкинг – адамның еркінен тыс түрде онымен байланыс орнатуға, араласуға тырысу, физикалық немесе психологиялық тұрғыда маза бермеу әрекеттері. Бұл әрекеттер әдетте зорлық-зомбылықсыз болса да, жәбірленушіге елеулі психологиялық зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, адам басқа біреуге үнемі хабарлама жібереді, әлеуметтік желілер арқылы қудалайды, қайда жүргенін бақылайды, жұмыс орнына барып мазасын алады. Мұндай әрекеттер "сталкинг" ретінде қарастырылып, қылмыстық іс ретінде тергеледі, - деді Жұманов.
Аға инспектор қазіргі заманда осындай жағдайлар жиі кездесетінін айтты.
Әсіресе қыз балалар, әйелдер, кейде балалар сталкингке ұшырайды. Көп жағдайда бұл қарапайым "ұнайды" деген сөзбен басталып, адамды мазалау әрекеттеріне ұласады. Мұндай жағдайлардан кейін жәбірленушілер тарапынан шағым түссе, енді бұл әрекеттер заң жүзінде қарастырылып, нақты тергеу амалдары жүргізіледі, - деді ол.
Талғат Жұмановтың айтуынша, бұрын мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған болатын. Бірақ жаңа баптардың қабылдануымен, егер біреу басқа адамды қудалап, оның тыныштығын бұзса – ол сталкинг ретінде тіркеліп, іс қозғалады.
Бұл заң өте орынды деп ойлаймыз. Себебі мұндай жағдайлар ескерусіз қалса, болашақта одан да ауыр қылмыстарға әкелуі мүмкін. Сондықтан біз үшін бұл заңның қабылдануы өзекті әрі маңызды болды, - деді аға инспектор.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев сталкинг үшін бөлек баптың не үшін енгізіліп жатқанын түсіндірген еді. Сондай-ақ адамның мазасын алып, артынан қалмайтындар енді сотталатыны да белгілі болған.