Үндістанның жаңа елшісі БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткізді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасындағы Үндістанның төтенше және өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өткізді.
Үндістанның елшісі өзінің дипломатиялық еңбек жолын 1994 жылы бастаған. Ол әр жылдары Франция, Малайзия, Германия елдерінде түрлі лауазымдарда қызмет еткен. Осыған дейін ол Иорданияда елші болған. Қазақстан - елші ретінде келіп отырған екінші ел.
11 маусым күні елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын табыстады.
Ең алдымен осы іс-шараға келген қатысушыларға алғыс айтамын. Қазіргідей қиын кезеңде осындай кездесуге келіп отырсыздар. Мен осы лауазымдағы жұмысыма жақында ғана кірістім. Сол уақыттың ішінде Қазақстан мен халқына сүйсініп үлгердім. Қазақстан мен Үндістанды 2 мың жылдық тарих байланыстырып жатыр. Үндістан Қазақстан тәуелсіздігін растаған алғашқы елдердің бірі. 1992 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнатылып, 1992 жылы Қазақстанда Үндістан елшілігі ашылды, - деді Шубдаршини Трипати.
Сондай-ақ елші журналистерді келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтады.
Менің елші ретіндегі миссиямның бірі- екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту, - деді ол.
Осыған дейін Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елші қызметін Прабхат Кумар атқарған еді.
Айта кетейік, 11 маусым күні елші тағы үш елшімен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын табыстады.