Үндістаннан келген екі студенттің өлімі: Шымкентте пәтер иесіне үкім шықты

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты көміртегі тотығымен улану салдарынан екі шетелдік студенттің қаза болуына байланысты пәтер иесіне үкім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сотталушы – Қарасу шағын ауданындағы пәтердің иесі – газ және газбен жабдықтау қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін қызмет көрсеткені үшін кінәлі деп танылды. Ол төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Сот дерегінше, әйелдің меншігіндегі пәтерде газ су жылытқышы заң талаптарына сай орнатылмаған. Соған қарамастан, 2024 жылдың тамыз айында ол тұрғын үйді Үндістанның бес азаматына – жергілікті медициналық университет студенттеріне жалға берген.

Қыркүйек айында 21 және 22 жастағы екі студент дұрыс орнатылмаған газ құрылғысынан бөлінген көміртегі тотығымен (СО) уланудан көз жұмды. Тергеу нәтижесінде пәтер иесінің бұл бұзушылықтар туралы білгені, бірақ тиісті шара қолданбағаны анықталды, - делінген хабарламада.

Сот оның әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігі бойынша ("қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін, абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан қызмет көрсету") саралады.

Мемлекеттік айыптаушы соттан ҚР ҚК 63-бабын (шартты соттау) қолданып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сот үкім шығара отырып, сотталушының кінәсін мойындағанын, өкініш білдіргенін, кәмелетке толмаған баласының барын және зейнет жасына жеткенін ескерді.

Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетсек, оқиға 2024 жылдың күзінде болған. Шымкенттегі пәтерлердің бірінен Үндістаннан келген екі студенттің мәйіті табылған еді. Сараптама нәтижесі олардың өліміне көміртегі тотығымен улану себеп болғанын анықтаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы